
Осыған орай AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай БАҚ өкілдерімен кездесіп, оқырман назарына жол тартқан екі бірдей туынды туралы тың деректерді бөлісті.
Қазақ тарихына негізделген кітаптар 2021 жылы негізі қаланған «Таза тарих» сериясы аясында ұсынылып отыр. Ең бір ерекшелігі де сол, осыдан тура 100 жыл бұрынғы Мұхаметжан Тынышбайұлының қазақ халқының шығу тегі мен мемлекеттілігінің қалыптасуына арналған еңбегі ана тілімізге тұңғыш рет аударылып, оқырманмен қайта қауышты. Кездесу барысында Бақытжан Бұқарбай екі әдеби жобаның төл тарихымызда алар маңызы мен жарыққа шығу тарихы турасында баяндап берді.
– «Қазақ халқының тарихы» және «Семь лет в Казахии» – «Таза тарих» сериясы негізінде шыққан он үшінші және он төртінші кітаптар. Оның бірі – ХХ ғасырдың 50-жылдарында қазақ даласында жеті жылдай өмір сүрген ағылшын саяхатшыларының туындысы. Ерлі-зайыпты Аткинсондар Қазақстанның Шығыс өңірінде болған. Лепсіге келіп, Алатау бөктеріне дейін түскен. Олар Қазақстанға сапары кезінде көрген-білген деректерін естелік ретінде жазып қалдырды. Әрине, Қазақстанмен ғана шектелмеген, сонымен қатар олар Сібірді аралаған. Біз авторлардың еңбегінен қазақ халқына қатысты тарауларды іріктеп алып, нәтижесінде жинақ ретінде басып шығардық. Бұл кітаптың ерекшелігі – ағылшын саяхатшылары сол замандағы қазақ даласында мекендеген ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін өз көзқарасымен баяндайды. Сондай-ақ кітапта қазақ халқының тарихы, этнографиясы, географиясы, мәдениеті жайлы құнды көзқарастар жинақталған. Екінші кітап – қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, тарихшы-ғалым, тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышбайұлының 1925 жылы орыс тілінде жарияланған зерттеу кітабы. Біз былтыр арада жүз жыл өтсе де бұл кітаптың әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылмағанын білдік. Расында, бұл біз үшін жаңалық болды, – деді Бақытжан Бұқарбай.
Бүтін бір елдің тарихына үңілу, шығармашылық салада ұлттың өткені мен бүгінін арқау ету – үлкен жауапкершілік пен терең ізденісті талап ететін күрделі процесс. Кітап баспасы бір ғасыр бұрын жарияланған еңбекті қазақ тіліне тәржімалау алдында тарихшылардың ой-пікірін басты назарға алған.
– Біз кітапты басып шығару алдында тарихшы мамандардың көмегіне жүгіндік. Қазақстан тәуелсіздік алған уақытта Тынышбаев тақырыбын алғаш зерттей бастаған, тіпті әлі күнге дейін зерттеу жұмыстарын жалғастырып келе жатқан Гүлбану Жүгенбаева есімді ғалым бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстанда Тынышбаевқа қатысты тұңғыш диссертация жазған маман. Біз оның еңбегін қазақ тіліне аударып, толыққанды әзірлегеннен кейін Гүлбану ханым сүзгіден өткізіп шықты. Біз тарихшының мақұлдауынан кейін ғана кітапты баспаға бердік, – деді баспагер.
Сондай-ақ баспагерден архивтегі тарихи деректермен жұмыс істеу процесі турасында сұрап көрдік. Бақытжан Бұқарбай үлкен деректер қорымен жұмыс істеу үшін архивтерді аралау қомақты қаражатты талап ететінін, дегенмен соған қарамастан заманауи технологиялардың шексіз мүмкіндігін пайдаланатынын, соның ішінде цифрландырылған деректерге сүйенетінін атап өтті.
– Архив мәселесіне келгенде біздің ресурстарымыз шексіз емес екендігін атап өткім келеді. Егер архивтерді ақтаратын болсақ, бұл ретте іссапар шығыны сияқты біршама қаржылай мәселелер бар. Өкінішке қарай, мұндай шығындарды көтеруге мүмкіндік жоқ. Өйткені қазірдің өзінде біз айналысып жүрген баспа кәсібі – маржасы төмен салалардың қатарына кіреді. Алайда біз архивпен жұмыс істейтін ғалымдармен тығыз байланыста болуға тырысамыз. Әлемдегі ең үлкен кітапханалардың бірі АҚШ-тағы Конгресс кітапханасы өзінің архивін цифрландырды және оқырманға ақпаратты пайдалануға рұқсат берілді. Мұнда біршама архив деректерді табуға болады. Біз архивтегі материалдармен қолымыз жеткенше, «тісіміз батқанша» жұмыс істейміз, – деді Б. Бұқарбай.
Бақытжан Бұқарбай «Семь лет в Казахии» кітабын алдағы уақытта қазақ тіліне аудару мәселесі жоспарда бар екенін жеткізді. Тарихымызды айшықтайтын құндылығы жоғары әрі бұрын-соңды жарияланбаған деректерді қамтитын қос шығарма 1 500 данамен сатылымға қойылған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.