Нұртөре Жүсіп «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ботагөз Қалдаяқовамен кездесті
- авторОймақ
- 27 қаңтар, 2025
- 87
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ботагөз Қалдаяқовамен кездесті. Онда мәдени мұраны сақтау және қазақстандық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету мәселелері қозғалды.
Депутат әңгіме барысында отандық ән өнерінің биігін бағындырған композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары туралы айта келіп, халқымыздың көрнекті мәдениет қайраткерлерін есте сақтаудың қажеттігіне тоқталды және олардың музыка тарихына қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.
«Шәмші Қалдаяқов – еліміздің мәдени тарихындағы жарқын тұлға. Оның ұлттық бейнемізді музыкамен әрлеген әсем әуендері қазақстандықтардың жүрегінде өшпестей із қалдырды және біздің мәдени ерекшелігіміздің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде оның шығармашылығы жаңа ұрпақты өнерге қанаттандырады және ұлттық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді. «Шәмші әлемі» қоры сияқты бастамаларға қолдау білдіру игі дәстүр сабақтастығын сақтауға және халықаралық аренада Қазақстанның заманауи мәдениетін ілгерілетуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Тараптар кездесу соңында мәдени саланы одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау, шығармашыл жастарды қолдау және халықаралық аренада еліміздің келбетін нығайтуға баса назар аударылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.