Мемлекет басшысы биыл отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұстанымын білдіретін мақалаларын жариялады. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетінде жазды.
— Жылдың алғашқы күндері Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде кең көлемдегі сұхбаты жарық көрді. Онда Қаңтар оқиғасына нақты баға беріліп, ел дамуындағы өзгерістер қамтылды.
Сондай-ақ Әзербайжанның АРА, Арменияның «Арменпресс», ҚХР-дың «Синьхуа» ақпарат агенттіктеріне және «Жэньминь Жибао» газетіне сұхбаттары, Францияның Le Figaro, Ресейдің «Известия» басылымдарына мақалалары жарияланды.
Биыл Мемлекет басшысы екі рет журналистерге арнап брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Ал 7 желтоқсан күні Доха форумының Newsmaker Interview форматындағы панельдік сессиясы кезінде модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бірге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді, - деп жазды Берік Уәли.
Сондай-ақ жыл басынан бері www.akorda.kz ресми сайтына Мемлекет басшысының жұмысы туралы, соның ішінде әртүрлі іс-шараларда сөйлеген сөздері мен үндеулері, Қазақстан халқына Жолдауы бойынша 814 ақпарат жарияланды. Президент Баспасөз қызметінің негізгі платформасының бірі – Aqorda телеграм-арнасына 7 804 ақпараттық материал шықса, Баспасөз қызметінің Facebook-тегі парақшасына 1 801 пост, Instagram парақшасына 1 727 пост жарияланды.
— Мемлекет басшысының өзі де шетелге сапарлары, қабылдаған шешімдері жайында әлеуметтік желілердегі парақшаларына пост жариялап, олардың мән-мазмұнынан көпшілікті хабардар етіп отырады. Бұл халықпен кері байланыстың тиімді құралына айналғаны сөзсіз. Жыл басынан бері Президент Х-парақшасына 20 твит, ал Instagram парақшасына 30 пост жариялады.
Әлеуметтік желіден бөлек Мемлекет басшысының атына келіп жатқан өтініш, арыз-шағымдар мен талап-тілектерді талдап, саралау Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жүктелген. Биыл 26 желтоқсандағы мәлімет бойынша, дәл осы платформа арқылы азаматтардан 49 069 өтініш қабылданды.
Бір жылда атқарылған ауқымды шаруаны бір мақаланың шеңберінде қамтып шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен жұрт жадында сақталған, мемлекеттің даму тарихында өзіндік орны бар оқиғаларды осылай сараптап өттік, - делінген мақалада.
Айта кетейік, Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы атқарған қызметіне шолу жасап, қоғамдық-саяси өмірдегі, әлеуметтік-экономикалық дамудағы іргелі өзгерістер мен табыстар туралы баяндады.
Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.