Авиамаман Ақтауда құлаған ұшақтың ұшқыштарын мықты маман деп есептейтінін айтты
- авторОймақ
- 25 желтоқсан, 2024
- 94
Авиамаман Абыл Кекілбаев Ақтауда құлаған ұшақтың ұшқыштарын мықты маман деп есептейтінін айтты. Өйткені, ұшақ тұмсығымен құлағанда ешкім аман қалмайды деген ойда. Бұл жайлы ол Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ұшақты теңізге қондыруға мүмкіндік бар ма еді?
«Мен азаматтық авиация саласының маманы болған соң айтайын: кез келген ұшақ командирінің қабылдаған шешімі – ол ең дұрыс деп қабылдаймыз. Ол соңына дейін осы ұшақты әуежайға жеткізіп, аман-есен қонады деп, сенім болып тұрған соң сондай шешім қабылдаған деп ойлаймын. Әрбір ұшқыш мұндай жағдайға алдын-ала дайындалады. Даярлықтан өтеді. Сондықтан төтенше жағдай болғанмен, олар оған дайындықтан өткен. Біреу ауа райына байланысты дейді, екіншісі ұшақта балон жарылды деп айтады. Қалай болса да, себептердің бәрі де жан-жақты тексеріледі», - дейді авиация маманы.
Абыл Кекілбайдың сөзінше, өз тәжірибесі бойынша мұндай оқиғада тек бір себеп болмайды. Ол жерде бірқатар себеп болады, ол себептер бір-біріне жалғасып осындай жағдайға апарып соғады.
«Тарап жатқан видеоны көргенімде экипаж шамасы келгенше әуежайға жеткісі келген. Жете алмайтынын сезген соң бұлар әуежай маңайындағы елдімекендерге тиіп кетпесін деп, ашық жазық жерге ұшақты бұрды. 20-дан астам адамның жанын сақтап қалды. Егер ұшақ тұмсығымен жерге құласа бәрі қайтыс болар еді. Бірақ ұшқыш тәжірибелі маман екенін көрсетіп, мүмкіндігі келгенше ұшақты тегіс жерге қондыруға тырысты. Әуежайға жетпесе де, бар жағдайды жасауға тырысты. Бұл тұрғыдан қарасақ, адамдар ұшқыштың арқасында аман қалды», - дейді Абыл Кекілбай.
Сондай-ақ Абыл Кекілбайға «Теңізге қондыруға мүмкіндік бар ма еді?» деген сауал қойылды. Ол ұшақтардың теңіздің үстінде ұшуына арнайы жабдықтары бар екенін, алайда ұшқыштар әуежайға дейін жетеміз деген сезімде болғанын айтты.
«Ұшақтардың теңіздің үстінде ұшуына арнайы жабдықтары болады, бірақ ұшқыштар бәрібір әуежайға жетеміз деп сенімді болған ба деп ойлаймын», - деді ол.
Ұшақ ең қауіпсіз техника дегенмен келісесіз бе?
Аталмыш ауыр апатқа байланысты маманнан ұшақтың қаншалықты қауіпсіз техника екендігін де сұрадық.
«Бұл орынды мысал. Әуе кемелері – көліктерге, теміржолға қарағанда ең қауіпсіз техника. Бұл жерде ешқандай күмән жоқ», - дейді авиамаман.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.