жұма, 13 желтоқсан, 2024 21:08

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Аймақ елдері Парламенттерінің өкілдері өңірде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылады

Аймақ елдері Парламенттерінің өкілдері  өңірде орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылады
фото сенат
Іс-шараға Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері қатысты.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың Орталық Азия елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде отырыстың кеңейтілген форматы өңір елдері Парламенттерінің стратегиялық диалогын нығайтуды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай қадам өзара ынтымақтастықты арттырып, Орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуге ықпал ететінін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжырымдамалық мақаласында өңірдің орнықты дамудың жаһандық күн тәртібіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнықты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ортақ жаһандық және аймақтық проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл ретте климаттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурстарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да елдеріміз үшін ортақ міндет», – деп, Палата Спикері мемлекет басшылары белгілеген өңір елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ететін бірыңғай басымдықтар қатарында да аймақты өркендету жолындағы ортақ мақсаттар бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы жаһандық жылыну, Каспий теңізінің тартылуы, Аралдың жойылуы сияқты өзекті климаттық сын-қатерлерге назар аударды. Бұл проблемаларды оңтайлы шешу үшін Орталық Азия елдерінің нақты үйлесімді жұмысы қажет. Онсыз еңсеру мүмкін емес. Бұл ретте парламентаралық өзара іс-қимыл, заңнамалық тәжірибе алмасу және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен ынтымақтастық орнату маңызды рөл атқарады.

«Бүгінде ұлттық Парламенттердің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге қосып отырған үлесі айтарлықтай артып келеді. Оның ішінде экожүйелерді сақтау, су және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты ерекше атап өткен жөн. Біз өңірдің үйлесімді, инклюзивті және теңгерімді дамуы үшін парламентаралық деңгейдегі бірлескен жұмысымызды одан әрі жандандыруымыз керек. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысы да аса маңызды. Орнықты даму күн тәртібін жергілікті жерлерде және әрбір елді мекенде ілгерілету бағытындағы жетістіктер көбіне солардың жұмысына байланысты. Сондықтан жергілікті өкілді органдарды осындай диалогқа белсенді жұмылдыру және халықты алаңдатқан осы деңгейдегі мәселелерді шешу үшін Орнықты даму мақсаттары арқылы бірыңғай тәсілдер әзірлеу айрықша мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде Парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшылар Қазақстанның ОДМ-ға қол жеткізу жолындағы бастамаларына назар аударып, 10 жыл ішіндегі аралық нәтижелерді талдады. Сондай-ақ олар өңір елдерінің орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстарды талқылады.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдардың және Орталық Азия елдері Парламенттерінің өкілдері мен сарапшылар Комиссия қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Одан бөлек, қатысушылар ОДМ-ды интеграциялауға және ұлттық заңнамаға озық тәжірибелерді енгізуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Парламенттік комиссияның отырысында Комиссия мүшелерімен бірге Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон комитетінің төрағасы Шыңғыс Айдарбеков, Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси милли Конституциялық негіздерді, адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын және заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің төрағасы Дилшод Рахмон, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Кутбидин Бурханов, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, БҰҰДБ-ның Түрікменстандағы құқықтық консультанты Ширин Ахмедова, Назарбаев Университеті Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Серік Оразғалиев, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар