жексенбі, 8 желтоқсан, 2024 20:27

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ғалым ғибраты

Ғалым ғибраты
фото: ашық дереккөз
Іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында өтті.

Басқосуды Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай жүргізді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде Ш.Елеукенов туралы: «Адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық қағидаларын басты орынға қойған ғалым Шерияздан Елеукенұлы қандай қызмет атқарса да ұлттық ұстанымынан танған емес», – деді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін негізгі баяндамасына арқау етті. «Кейіннен факультетте жаңа кафедра, жаңа мамандық ашылды. Ол – баспа ісі мамандығы болатын. 1998 жылы сол жаңа кафедраны ашу үшін ақыл-кеңесін аямай, өзі де «Қазақ кітабының тарихы», «Кітаптану негіздері» оқу құралдарын жарыққа шығарып, республикада баспа ісі мамандарының даярлануына жол ашқан да сол Шәкең болатын. Мен кафедра меңгерушісі едім. Дәріс беруге Шериаздан Елеукенов, Камал Смайылов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Жарылқасын Нұсқабайұлы, Серік Әбдірайымов, Марат Қабанбаев сияқты білікті мамандар тартылды. Соның нәтижесінде он жыл бойы республиканың кітап баспаларына жоғары білімді редактор-баспагерлер әзірленді», – дейді Б.Жақып.

Профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазәлі Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Ғалымдар Нұрдаулет Ақыш, Серікқазы Қорабай, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындыларды баяндамаларына арқау етті.

Қырғызстанның Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.

Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын айтып берді.

Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.

Жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, әдебиеттанудағы, кітаптанудағы, көркем сөздері қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл әлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді.

 

Қарагөз Серікқызы,

баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар