сенбі, 7 желтоқсан, 2024 6:58

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Экономиканың өсіміне білікті кадрлар тапшылығы қауіп төндіреді

Экономиканың өсіміне білікті кадрлар тапшылығы қауіп төндіреді
фото сенат
Білікті мамандар тапшылығын шешу – бүгінгі күннің басты міндеті.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Ақмола облысы Аршалы ауданында көшпелі отырыс өткізді. Сенаторлар өңірдегі өндіріс нысандары мен білім беру мекемелерінің жұмысымен танысты. Бұл кездесу алдағы «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбы бойынша өтетін парламенттік тыңдауға дайындық аясында ұйымдастырылып отыр.

«Жергілікті жерде нақты жағдайды көзбен көріп, кадрлық мәселелерді терең талдау – біздің басты мақсатымыз. Білікті мамандар тапшылығын шешу – бүгінгі күннің басты міндеті. Әрбір жұмыс орнының қажетіне сәйкес кадр даярлау үшін білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту қажет. Сонымен қатар, жастарды техникалық және кәсіптік білімге бағыттау – бұл тек бүгінгі күннің қажеттілігі ғана емес, ел болашағы үшін маңызды мәселе. Біз жаңа технологиямен жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті мамандар қалыптастыруымыз қажет. Бұл экономиканың барлық саласында сапалы еңбек күшін қамтамасыз етеді», – деді Нұртөре Жүсіп.

Комитет мүшелері көшпелі отырыс барысында «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Питковский» шаруа қожалығы, агротехникалық колледж, «SG Brick» кірпіш зауыты және «SG Beton» темірбетон бұйымдарын шығару зауытын аралады. Сапар барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өзекті мәселелері, оның ішінде кадрлық қамтамасыз ету, оқу бағдарламаларын жаңарту, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту талқыланды. Әсіресе, өндіріс талабына сәйкес мамандар даярлау, әлеуметтік топтама мен ынталандыру шараларын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сенаторлар сондай-ақ кәсіби стандарттарды жаңарту, цифрлық технологияны енгізу және аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін инфрақұрылымдық қолдауды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Парламентшілердің айтуынша, бұл сапар алдағы ақпанда өтетін парламенттік тыңдауға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырылады. Тыңдаудың басты мақсаты – еңбек нарығын дамыту және кадр тапшылығын жою мәселелерін талқылау арқылы елдің экономикалық әлеуетін нығайту және тұрақты дамуға ықпал ету.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар