Түркістанда 60 жыл бұрын салынған мектеп әлі күрделі жөндеу көрмеген
- авторОймақ
- 16 қазан, 2024
- 175
"Біздің балаларымызға кітапхана, асхана, мәдениет залы, спорт залы деген – түсінде көретін арман. Ауылға келген жұрт мектепті көріп жағасын ұстап кетеді. "Өркениетті ел балалары да осы мектепте оқи ма?" деп таңғалады. Шынын айту керек, ауылдағы мал қора, монша мен дәретхана да бұдан әдемі шығар. Атқамінерлердің мазағы ма әлде бізді заманауи мектепке лайық көрмей ме?! Білмеймін. Дәл шекара бекетінің түбінде орналасқасын бәрінің назарынан тыс қалып келеміз", – деді ауыл тұрғыны Юсуф Сарапбаев.
Бабалары оқыған мектепте Ескіқорған ауылының балалары 4-сыныпқа дейін ғана білім ала алады. Одан кейін бес, жеті шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектебіне қатынауға мәжбүр. Балаларын жан-жаққа тасып қажыған ата-аналар әкімдік табалдырығын тоздырып біттік дейді. Бірақ уәдені үйіп-төккен жауаптылар оны орындауға асығар емес.
"Мектебіміз Қазақстан деген Республикаға ұят. Бұны 1958 жылы аталарымыз салған. Қазіргі сиқы мынау. Мұнда менің аталарым оқыған. Атамның өтіп кеткеніне қаншама жыл болды. Бірақ мынау мектеп әлі тұр. Қаншама жылдан бері айтып жатырмыз. Өзім үшінші сыныпта оқып жүрген кезде бір жылдан кейін жаңа мектеп саламыз деп келген. Содан бері он бес жыл өтті", – дейді ауыл тұрғыны Дастан Жолдас.
Едені шіріп, қабырғасы құлап, төбесі түсіп жатқан мектепте бірнеше жыл бұрын оқушыға жоғарыдан сылақ құлап, миы шайқалған дейді ауыл тұрғындары. Ал қыс басталса болды, көмірмен жылынатын қос кабинет көк түтінге айналады екен.
"Бұл мектептің іргесін өзіміз құйдық. Содан бері ұлым, одан кейін немерем, енді міне шөберем келіп жүр. Өркениеттің көлеңкесі де көрінбейтін мектепке балаларымызды қорқынышпен жібереміз. Ертеңгі күні құлап, қиранды астында қала ма де қорқамын", – дейді ауыл тұрғыны Абдрахман Ашимов.
Ал облыстық білім басқармасының мәліметінше, мектеп құрылысы биыл қыста басталады. Желтоқсан айында іргетасы құйылатын мектептің қолданысқа қашан берілетіні белгісіз. Бұған дейін жергілікті билік “Самұрақ қазынадан” бөлінуі керек қаржыны күтіп келген екен.
"Ескіқорған ауылында 300 орындық жайлы мектеп салу үшін жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Осылайша, бұл мәселе жайлы мектеп Ұлттық жобасы арқылы шешімін табады", – деді Түркістан облысының білім басқармасы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Ақтөбеде итті аяусыз пышақтаған бала бұған дейін де мектепішілік есепте тұрған
- авторОймақ
- 3 қараша, 2024