сәрсенбі, 30 қазан, 2024 4:41

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Тар жол-тайғақ кешу" – қазақтың тұңғыш энциклопедиясы

"Тар жол-тайғақ кешу" – қазақтың тұңғыш энциклопедиясы
фото: ашық дереккөз
Биыл – Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл

Алаш азаматтарының ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің түрлі жанрдағы шығармалары мен өнімді еңбектеріне бір арнадан қарауға болмайды. Тың туындыларының барлығы өзі өмір сүрген кездің шынайы көріністерін сипаттайды. Ғұмыры Алаштың азаттық алуы жолындағы күреске толы. Бүгінгі ұрпақ жазушыны әдебиеттегі шығармалардың авторы деп қана тануы мүмкін, ал қазір біздің Алаш атын мақтанышпен айтып жүруімізге өз үлесін қосқанын әсте естен шығаруға болмайды. Осы орайда біз ұзақ ғұмырын сәкентануға арнаған ғалым, қазақтың көрнекті қайраткері Тұрсынбек Кәкішевтің жұбайы, белгілі ғалым Күләш Ахметовамен сұхбаттасқан едік. 

Биыл – Сәкен Сейфуллиннің мерейлі мерекесі, яғни 130 жыл­дығы. Сәкентануға өлшеусіз үлес қосқан жанның бірі – Тұрсынбек Кәкішев. Тұрсынбек аға зерттей алмаған, жалпы Сәкен Сейфуллин­нің күні бүгінге дейін ашылмай қалған тұстары бар ма?

– Әрине, бар. Зерттеу деген ғылымға еш уақытта нүкте қой­май­ды. Оның үстіне, Сәкен Сей­фуллиннің мұрасы халық ауыз әдебиетінен басталады. Оның қайраткер, жазушы, ақын, публицист, тіпті қазақтың ұлы перзенті ретінде, одан бөлек композитор, қазақтың мәдениетіне сіңірген еңбегі, қазақтың мың әнін шы­ға­ру­­ға жасаған қолғабысы, «Еңбек­ші қазақ» газетінің бас редакторы ретіндегі де еңбегі ұшан-теңіз. Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкі­шев мұның барлығын жиып-теріп берді. Халық сәкентанушыларды Абайды зерттеушілерден кейін екінші орынға қойды. Бұл дегеніміз – сәкентанушылар Сә­кен­ді бүге-шігесіне дейін зерттеді, қара тырнағынан бастап, шашына дейін жақсы біледі деген сөз. Тіпті, Сәкеннің сотында тергеу­шілердің жүргізген ісін де қарап, сол жөнінде де жазды. Соның негізінде бас-аяғы 15-ке жуық кі­тап шығарды. Бірақ бұл Сәкенді бүге-шігесіне дейін зерттеген Тұрсынбек Кәкішевтің негізгі ғы­лыми жұмысы емес, сәкентану­шының өзі «бұл – менің хоббиім» деп жазып қалдырған. Соны бүкіл институт болып, ғалымдар, зерт­теу­шілер қосақталып та, жеке де зерттеп, пікір айтып жүретін болса, Тұрсынбек Кәкішев хобби ретінде болса, зерттеуге жалғыз өзі кірісіп кетті. Әрине, сәкен­тану­да еңбек еткен басқа да ғалымдар жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, тарих ғылымдары­ның докторы Марат Әбсеметов, Сәкеннің халық комиссарлар кеңе­сіндегі еңбегін өз алдына зерт­теп, монографиясын шығар­ған подполковник Амантай Кә­кен бар. Ол Сәкеннің құжаттарын, жұмыстарын зерттеуде зор еңбек сіңірді. 

Сәкентанушылардың ішінде Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегі ерекше. Бір Сәкен туралы кейбір кітаптар, мысалға «Сәкен сүйген сұлулар» Мұхтар Құл-Мұхамедтің өтініші бойынша жазылған. Кейін «Сәкен аялаған арулар» болып шықты. Содан кейін «Көк­жиек-Горизонт» баспасы мектеп оқу­шы­ларына лайықтап шыға­рып жатыр. Бұл кітап үш рет шық­ты, кейбір кітаптары екі рет шық­ты. Орта Азия ғана емес, бүкіл түркі жұртына тарайтын «Жизнь замечательных людей» кітабы Сә­кенге арналған тұңғыш кітабы болды. Егер Сәкен өзінің дең­гейін­дегі еңбегі болмаса, оны зерт­теуші мың жерден мықты болса да, көп нәрсені ойынан қоспайтын еді. Осы күнге дейін Кәкішев зерттеулері барды бар етіп, бас-аяғын жинап шығарып берді. Бас-аяғын жинағанда, Сәкенді зерттеп қана қойған жоқ, оның бүкіл шығарма­ларын жинады. Мысалы, Сәкен 1957 жылы ақталды, 1964 жылы М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты оның алты томдығын шығарды. Оның 4, 5, 6-томдарын, яғни осы үш томын Тұрсекең жалғыз өзі құрастырды. Есмаған­бет Ысмайылов бастаған Сәкенді зерттеу экспедициясына Тұрсын­бек Кәкішев мүше болып қосыл­ды. Содан кейін «Қызыл сұң­қар­лар», «Тамаша адамдар», кітабын, «Өнегелі өмір» сериясымен Сә­кен Сейфуллиннің монографиясын шығарды. Тіпті, Сә­кен мен Мағжанның арасындағы шығар­ма­­шылық байланыстарын, олар­дың шығармашылық бәсеке­лес­тік­тері жазылған «Сәкен-Мағ­жан» монографиясы шықты. Одан басқа, Сәкен өмірде үш рет үйленген кісі ғой, соның үшіншісі Гүл­баһрам Батырбекқызы жөнін­де «Сәкен және Гүлбаһрам» деген кітап шықты. Сәкеннің тек қана Көк­шетауға арнаған поэзияларын бөлек жинады. Сәкен жөнін­де зерттеу монографиялар, «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының тағ­дыры жөнінде еңбектер жазды. «Сәкен аялаған арулар» екі рет басылды. 

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 1964 алты томдығын шығарды дедік қой, 1980-1984 жылдары оны бес томға дейін қысқартты. Тұрсекеңе «Қа­зы­ғұрт» баспасының бас редакторы Темірғали Көпбаев келіп, «Ер­тең сіз кеткеннен кейін Сә­кен­ді сіз сияқты зерттейтін адам бола ма, болмай ма? Көзіңіз тірі кезінде Сәкен Сейфулиннің бүкіл шығармаларын жинасаңыз, өзім көптомдығын шығарар едім» дегенде, Сәкен шығармашылығын он үш том деңгейінде құрастырып, шы­ғарып кетті. Сондықтан Тұрсын­бек Кәкішевтің бұл еңбегі сәкен­тануға, қазақ әдебиетіндегі ғылы­ми зерттеу еңбектері арқылы мә­дениетке де, ғылымға да қосқан үлесі десек болады. 

Жаңа Мағжан–Сәкен қаты­насы туралы айтып қалдыңыз. Ал өмірде екі тұлғаның арасындағы бәсекелестік қалай болды?

– Екеуінің арасы – бір-ақ жас. Бірін­ші Сәкен Омбыдағы оқыту­шы­ларды даярлайтын семи­нария­ға түседі, артынан Мағжан барып түседі. Жалпы, Алаш азаматтарының барлығы Сәкенге құрметпен қараған. Сәкен мен Мағжан арасында ешқандай дау болмаған. Мен айтар едім, егер біздің бүгінгі интеллигенция­мыздың мәдениеті, бір-бірімен қарым-қатынасы ХХ ғасырдың басындағы Алаш азаматтарының бір-бірін қолдағандарындай жоғары болса, онда біздің қазақты іштен дау, сырттан жау алмас еді. Бізге бүгін жетпейтіні – интеллигенция мәдениеті. Омбы семинариясында оқыған Мағжан ол кезде өлеңдері жинақ боп шыққан, ақын болып қалыптасқан, ал Сәкеннің біршама жасы үлкен, ол да ақын болып танылған кезі. Бұлардың арасында айырма­шылық көрініп тұрды. Сол кезде Міржақып Дулатов үйленеді де, Омбыда тойын жасайды. Тойына Сәкенді де, Мағжанды да шақы­рады. Сол тойды екеуі бірге тойлайды. Бірақ осы тойда Міржа­қып­тың балдызы Гүлшаһра оған дейін Мағжанмен достасып жүр­ген, Сәкенге көзі түседі. Бұл қыз­дардың, жастардың арасында қай кезде де болатын оқиға ғой. Оның үстіне, Сәкенмен достасып жүріп, ол ұйымдастырған, кішігірім ойын-сауық құратын ұйымына Гүлшаһра келіп, қатысып жүреді. Ал бұл Мағжанға ұнай ма? Ұна­май­ды. Мағжанның реніші осыдан басталған шығар. Енді шы­ғар­машылық бәсекеде деп айтатын себебіміз, мысалы «Көк­ше­тау» поэмасын Мағжан да, Сәкен де жазды. Сәкендікі де классика, Мағжанның «Көкшетауы» да классика. Міне, екі тұлғаның ара­сындағы шығармашылық бәсеке туралы кейінгі ұрпаққа дау болып қалмасын деген ниетпен Тұрсын­бек Кәкішев үлкен монография­лық еңбек жазып кетті. 

 

1936 жылы Мағжан «Алматыға барып, жазушылардың ортасында, ақын-жазушылардың арасында болсам» деп, сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқановқа хат жазады. Сәбит Мұқанов таңғы сағат төртте бірінші Алматыға келетін пойыздан Мағжан мен Зылиханы күтіп алады. Сонда Мағжанның Сәбит Мұқановқа амандық-саулықтан кейін бірінші айтқан сөзі: «Сәбит, Сәкеннің жолы оң болды, менің жолым теріс болды. Мен бірінші сәлемімді Сәкенге барып берейін» дейді. Араларында бет көріспестей, бітіспес дау болатын болса, «Сәлем берейін» дей ме? Сәбит бірден вокзалда тұрып, Сәкенге телефон соғады. Сәкен сөзге келместен «үйге алып кел» дейді. Карл Маркс көшесінде үйі болған. Сонда Сәкен Гүлбаһ­рамға «Мағаң келе жатыр, сыйлы қонақ келе жатыр, қазан көтер» деп айтады. Сол сөйлескеннен бастап, әдемі киініп, галстугын тағынып, Мағжан есіктен кіргенше, ерсілі-қарсылы жүріп, тыным таппай кетіпті. Әйел адам эмоциямен тез жылайды, ал ер аза­мат­тар­дың көзінен қай кезде жас шы­ғады? Яғни, көңілдерінде қи­мастық болғанда, бірін-бірі түсін­генде, жақсы көргенде, са­ғын­ғанда шығады. Соны Гүлбаһ­рам апай Тұрсынбекке берген әңгіме­сінде айтады. «Екеуінің де иығы қозғалып, көңілдері босап тұрды. Екеуі біразға дейін құшақ­тасып, көрісті» дейді. Сол күні Сәкеннің үйінде қонады, әң­гімелеседі, ертеңіне Сәбит Мұ­қанов пен Әбділда Тәжібаевтың үйінде қонақ болады. Сол кезде Алаш азаматтарының төрт көзі түгел, Алматының басында. Бірінші күні Мағжан «Сәкенге барайын» деді, қалған күндерінде оған Алаш азаматтары үйінде бір шай беруге жараған жоқ. 

Мұхтар Әуезов бірде Мағжан­мен көшеде кездесіп қалған кезін­де «Мынаны талғажау қыла тұрыңыз» деп кішкене ақша береді. Бұл наурыз айы екен. Ал Мағжан желтоқсанда ұсталды. Соған дейін тоғыз ай Алматыда тұрды, осы үш үйден басқа оны ешкім қонаққа шақырмаған. Осындай азаматтардың арасында дау болды деген факт қайда? Оның үстіне, Сәкен қыркүйекте ұсталды. 

Сәкен өз бөлмесінен Мағжан­ды ертіп алып, Мирзоянға барған кезде, Мирзоян оны жақсы қарсы алады. Мағжанға көмектесу қажет екенін, қазақ әдебиетіндегі айтулы тұлға екенін, қазақ әдебиетін өрге сүйрейтін ақындардың бірі екенін түсіндіргеннен кейін Мирзоян «қалай көмектесеміз?» дейді. Сонда Сәкен: «Әзірге пәтер мен қаржы жағы. Бірінші қаржы мәселесін шешейік. Орыс тілінен қазақшаға аударма еңбектер берейік. Сол еңбектің қаламақысын алдын ала алып беруге көмек жа­са­саңыз» дейді. Сол кезде «Лит­фондтың» бастығы Жаманқұловқа Мирзоян да, Сәбит Мұқанов та айтты. «Бірақ түрмеден келгені бар, халық жауы деген аты бар» деп, Мағжанға қаламақысын алдын ала бергісі келмеген. Ал Сә­кен сонда дауласып тұрып, қолын қойдырып, қаламақысын алып берген. Ал енді осыдан кейін екеуінің араларында дау болды деп айтуға бола ма? Мағжанның қайраткерлігіне қарағанда, Сәкен­нің қайраткерлігі әлдеқайда жоғары. Мағжан шын мәніндегі ақын, талантты ақын, ол шенеунік бола алмайды. Мағжан 1988 жылы ақталды, содан бері 36 жыл өтті. Осы жыл ішінде мағ­жантану­шылар бірінің айтқанын бірі қайталаумен, «Мағжанды атқан кім?», «Ұстаған кім?» деген жел­сөздің төңірегінен шықпай келе жатыр. Әйтпесе, ендігі Мағжан­ның 35 жыл ішінде әлемдік аре­наға шығатын кезі еді. 

Сәкен Сейфуллиннің жанында серіктері көп болған. Олардың арасында қуғын-сүргіннен аман қалғандары бар ма?

– Аман қалғандары болған. Сәкеннің алпыс жылдық, жетпіс, сексен жылдық мерейтойларында олар қатысты. Қаскей Өтеген де­ген жан жолдасы болған. Тұрсын­бек Кәкішев айтатын: «Қаскей Сәкеннің жігітшілігін де жақсы білетін. Бірақ соңына дейін ашып айтқан жоқ». Кондратьев деген досы болған, Анненковтың вагонында бірге болған, бірге түрмеде қиындық көрген, кейін Сәкеннің алпыс жылдығы тұсында белсене кірісіп, оның кім екенін, қандай азамат екенін жетер жеріне дейін ай­тып, жеке пікірін білдіріп жүр­ген. Ал Сәкеннің дос таңдауы өте қызық болатын деген сөз бар. Бір етікші еврей досы болыпты. Бойы өте қысқа. Сол досымен Қызыл­ор­даның астана болған тұсында, сол қалада кешке жиі серуенге шыққанды жақсы көріпті. Етікшімен достығына өзінің жол-

дастары да таңғалыпты. Әдемі, сыр­баз, сұлу Сәкен өзінің белінен келетін етікшімен әңгіме-дүкен құрып, күліп, рахаттанып, бірге серуендейді екен. 

Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы – әлі күнге дейін маңызын жоймаған, тарихи құнды деректердің бірі. Осы романның алғашқы түпнұсқасы сақталған ба?

– Сақталған. Ол біздің Ұлттық кітапханада да бар. Кітап алғаш рет араб әрпімен 1927 жылы Қызыл­ордада Ахмет Байтұрсын­ұлының шифрымен жарыққа шық­қан. Онда Сәкен Алаш аза­мат­тарының барлығын достары ретінде суреттерін береді. Өзі Ах­мет Байтұрсынұлының қа­сында отырған. Бірінші шыққан басылым мен соңғы 1936 жылы шыққан басылымдардың арасында жер мен көктей айырма­шылық бар. Көркем шығармадағы тарихи шындық деген тақырыпта 1995 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Айтайын дегенім, «Тар жол, тайғақ кешуде» айтылатын Алаш азаматына қа­тыс­ты тарихи фактілердің бар­лығын Сәкен «Қазақ» газеті мен «Сарыарқадан» алып отырған. Әрқайсысының уақытын, газеттің қай санынан алынғанын көр­сетеді. Қазіргі «Тар жол, тайғақ кешуді» ең бірінші Сталинге до­малақ арыз есебінде жазды деге­ннің бәрі қиял. Мені өкіндіретіні – осындай өтірік, қате пікірлердің зерттеуші, ғалымдардың аузынан шығатыны. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» Мұстафа Шо­қай, Алаш азаматтары туралы ай­тылады. Оның үстіне, Шафиро мен Брайниннің «Алашорда» деген жинағында сол фактілердің барлығы Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» романында қалай айтса, сол күйінде сақталған, бас-аяғы жиналған құжат болды. Сон­дықтан бұл роман – ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллиген­циясының іс-әрекеті, көзқарас­тары жөнінде жазылған қазақтың тұңғыш энциклопедиясы. 

– Тұрсынбек аға «Мені Сәкен рухына жетелеген – Гүлбаһрам» деп жазады. Гүлбаһрам апай халық жауының әйелі деп сотталып, АЛЖИР-де болды. Ғалым өз ең­бек­­терінде Гүлбаһрам апай жайлы мәліметтер берді ме? 

– Гүлбаһрам еш уақытта бі­рін­ші орынға өзін қоймаған, Сә­кен­ді қойған. Сәкен үшін өмір сүр­ген. 1937 жылы қыркүйекте ұс­тал­ған Сәкенді 1957 жылы ақталғанға де­йін 20 жыл бойы Мәс­кеудің сотына жүгініп, ақта­луы үшін жүгірді. Сондықтан да өзінің АЛЖИР-дегі қиындық­тарын жазба­ған, оны баяндамаған, сұраған жағ­дайда да көрген қиын­шылық­тарын қиналып айтқан емес. Және «Сәкен үшін осындай қиын­дықтарды көрдім» деп өкін­ген де емес. Гүлбаһрам апайды көзбен көргендер оны мінезді болатын деп айтқан екен. Сол мінезімен Сәкенді бірінші орынға шығарғандықтан, өзі туралы көп айта бермеген.

Сәкен Сейфуллиннің бүкіл шығармаларының библио­графия­лық көрсеткіші жасалды ма? Оны НКВД ұстап алып кеткеннен кейін, Гүлбаһрам апай шығармаларын қайтарып алған ба?

 – Сәкенге халық жауы жаласы жабылғаннан кейін Гүлбаһ­рамды да түрмеге алып кеткен. Соның алдында Сәкеннің киімін, қаламын, тіпті әтіріне дейін алып, оларды қайнысы Мәжиттің үйіне қал­дырып кеткен. Ал НКВД ке­ліп, үйіне тінту жасап алып кеткен заттардың бір де бірі Гүлбаһрам апайға қайтарылмаған. Ең өкі­ніш­тісі, Сәкеннің қолжазба­лары, төрт альбом суреті кеткен, олардан басқа Сәкеннің жазған, жарық көрген, өзі пайдаланған, өзі оқыған кітаптарының барлы­ғын алып кеткен. Оны Тұрсынбек Кәкішев іздеп барып, НКВД-дан (кейінгі МКҚ) сұраған. Бірақ бір қыз­меткердің айтқаны нақты жауап емес шығар: «Өзін аямаған­да артынан қалған заттарын аяды деп ойлайсыз ба, ағасы?» деп жауап беріпті. Бірақ Тұрсекең ол сөзге сенген жоқ. Өмірден өткенге дейін Сәкеннің сол НКВД алған заттары, әсіресе қолжазбалары қайтарылса ғой деген мәселелерге алаңдап кетті. 

Кейінгі кезде Алаш зерттеушілері Сәкенді «қызыл коммунист» деп көзқарасын айыптап жатыр. Қазақ азаматтарын ақ пен қызылға бөлгеніміз дұрыс па?

– Біріншіден, Сәкен қай кезде бөлінді, революцияны, Кеңес үкіметін жақтады, соларды қоштады дегенге тоқталу керек. 1916 жылы Ресейдің мал санағы кезінде Сәкеннің қасына бір татар, қазақ жігітін қосып, елдің ортасына жібереді. Ел ортасында жүрген Сәкендер 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті естімейді. Елдің ортасындағы ауылдарда Ресейдің қара жұмысқа 19-23 жас аралығындағы солдаттарды тарту деген бұйрығына дүрлігіп жатқан халық Сәкендерден көмек сұрай­ды. Сондағы көмегі ауыл бай­лары­ның тізімін құрудағы әділет­сіздігі, пара беріп, 19 жасқа тол­ма­ған балаларды тізімге қосып, өз балаларын алып қалу еді. Осындай дау шыққан кезде Сәкен Ақмолада отырған қазақ ұйым­дарына, Алаш азаматтарына осы дауды айтып, оның әділетсіздікпен шешіліп жатқаны туралы телеграмма жіберіп, көмек сұрайды. Оған Алаш азаматтары «Тізімді жасап жатқан – өзіміз сайлаған елдегі жауапты кісілер. Сондық­тан олар жасаған тізімге сенеміз» деп жауап береді. Қазір біздің Алаш деп мақтанып айтып жүр­уімізге бірден-бір себеп болған – Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының жазылуы. Сәкен бұл романды 1920 жылдардан бастап жаза бастады. 1922-1924 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналында романның үзінділері жарияланды. Бұл ХХ ғасырдың басындағы тарихи фактілер ұрпаққа жетсін деген мақсатта роман-эссе болып жарияланған кезге дейін Алаш деген сөз шық­қан болатын. Ал Алаш азамат­тары­ның жиналысы 1917 жылы шілдеде болды, ал бағдарламасы қараша айында «Қазақ» газетіне жарияланды. Сонда съездің программасы қайда? Алаштанушы­ларға Алаштың бірінші съезіне байланысты қоятын сұрағым да бар. Бірінші басылымда Алаш партиясының съезі демейді, «жалпықазақ жиналысы» дейді. Яғни, Сәкенге «Тар жол, тайғақ кешу» романын жазғаны үшін рахмет айту керек. 

Сәкеннің Сталинге оқу мәселесі жөнінде хат жазғаны бар, ол хат сақталған. Мәскеуде де, Президент архивінде де бар, бірақ оны кейін кеңестік жүйе кезінде кейбіреулер өзгертіп, Алаш азаматтары ақталған кездегі жағдай­мен тамсанып жазған қалпымен әлі отыр. Оны ары қарай зерттеп отыр­ған жоқ. Жақында бір та­рихшы-ғалым Сәкеннің архивін үш адам қарапты деп айтқан. Олар – Тұрсынбек Кәкішев, подполковник Амантай Кәкен, үшіншісі – зерттеуші. Сол зерттеуші Сәкеннің сотталу ісін, тергеуші ісін қарадым деп неге айтпайды? Яғни, Сәкеннің адалдығынан, одан ешқандай мін таппаған­дықтан айтпады.

Тұрсынбек Кәкішевтің Сәкенді зерттеуде өкініші болды ма? Мүмкін, ғалымның бүгінге дейін қолы жетпей қалған құжат­тары да болған шығар.

– Қолы жетпей қалған құжаты болған жоқ. Ол кісі Сәкеннің бар­лық құжаттарын шығарды, тек Сәкеннің үйіне жасаған тінту кезінде алып кеткен қолжаз­баларын, альбомын, одан бөлек Сәкенге берілген қолжазбалар да бар, соларды қайтара алмағанына өкініші болды. 

Тұрсынбек Кәкішев 13 том­дық­ты шығаратын кезде бір шәкірті сұрапты: «Қайда бара жатырсыз, ағай?» деп. Сонда Тұр­се­кең: «Жалқау ұрпаққа дайындап кету мақсатында баспаға бара жатырмын» деген екен. Ол кісінің еңбегі еш кеткен жоқ. Ләйлә Мұх­тарқызы: «Тұрсынбек, әкемнің шәкіртіміз дейтіндер көп, бірақ солардың бір де бірі сенің Сәкенге сіңірген еңбегіңдей еңбекті жасай алған жоқ», – деп көңілі толма­ғанын айтқан. Тұрсекең мен Сәкеннің мінездері, қайсарлығы, шыншылдығы, адалдығы ұқсас болатын. Егер Сәкеннің бойында Алаш азаматтарын ұстап беретін, айыптайтын қасиеті болса, Тұрсе­кең оның себептерін келтіре оты­рып, ашып айтатын еді. Жалпы, ХХ ғасырдың басында «қазақ балалары бірін-бірі ұстатты» дегенге сенбеймін. Себебі олар өте білімді, намысшыл, оның үстіне бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимаған жандар болды. 

Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС, Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Aikyn.kz 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар