жұма, 4 қазан, 2024 21:13

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Зиялы чемпион

Зиялы чемпион
фото автордікі
Әлжан Жармұхамедов – 1944 жылы 2 қазан күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Бостандық ауданы, Табақсай ауылында өмірге келді.

Әйгілі баскетболшы. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы! 1972 жылғы Олимпиада жеңімпазы, 1976 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Совет одағының 10 мәрте, Еуропаның 3 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола медалисі.

Қадірлі оқырман, «Советский спорт» газеті 1972 жылғы 5 қыркүйекте ССРО құрамасының белді ойыншысы Әлжан Жармұхамедовтің Мюнхен олимпиадасындағы ғажап ойыны туралы былай деп жазды: «Жас ойыншы Дворныйға Югославия командасының серкесі Чосичті тұсау тапсырылды. Дворный толқуын баса алмай, қарсыласының алдында әлсіздік танытты. Алаңға Жармұхамедов шықты. Енді Чосичтің өрісі тарыла бастады. Әлжан одан аласалау болғанымен, әбжіл қимылмен Чосичтің аяқ-қолын байлап тастады. Югославия жаттықтырушысы Р. Жероаица құраманың лидерін ауыстыруға мәжбүр болды».

Совет құрамасы чемпион болған Мюнхен олимпиадасында қазақ баскетболшысы сегіз ойында орта есеппен 8,7 ұпайдан еншілеп, шығыршықтан серпілген допты 5,1 реттен қағып алып, команда бойынша ең үздік нәтиже көрсетті. Финалда АҚШ құрамасына қарсы ең ұзақ, 36 минут ойнаған жалғыз Жармұхамедов болды.

«Тарамыс денелі, бойшаңдығына қарамастан фантастикалық дәрежеде жылдам әрі сұмдық серпінді жігіт «қалқаннан» (щиттен) кері серпілген допқа талас кезінде өзінің ешкімге ұқсамайтын ойын техникасымен көп жағдайда қарсыластарын сан соқтырып кететін, – дейді әлемдік деңгейдегі баскетбол маманы Владимир Гомельский. – Жармұхамедов өз шығыршығы астынан допты іліп алған бетте ЦСКА мен ССРО құрамасы жылдам шабуылға көшетін. Өйткені Әлжан секірген бойда допқа қолы тиісімен әуеде 180 градусқа шыр айналып, бетін ойын алаңына бұрып үлгеретін. Содан қорғаушылардың біріне пас беріп, өзі алға қарай оқша атылатын. Сол қарқынмен өзінен доп алған әріптестерін басып озып, қарсы команданың шығыршығына жетіп үлгеретін.

Бойы 207 сантиметр, салмағы 92 келі Әлжан Жармұхамедов осындай сұрапыл қимылымен, ойлы да тапқыр ойынымен он жылдан аса уақыт ССРО құрамасындағы ішкі бәсекеге төтеп беріп, үнемі бабын сақтай білді.

Профессор Александр Гомельский Жармұхамедов туралы былай деп жазды: «Әлжан контратака кезінде қарсыластарын шаң қаптырып кетуші еді. Орта қашықтықтан доп тастауы, допты сезінуі, алаңдағы ахуалды тамыршыдай тап басуы адамды қайран қалдыратын».

ССРО баскетбол федерациясы 1980 жылы ойыншылықты доғарған Әлжан Жармұхамедовке жоғары топтағы Мәскеудің ЦСКА әйелдер командасының бас бапкері қызметін ұсынған екен. Бұл кезде ЦСКА одақтағы таңдаулы клубтың бірі болатын. Осы деректен-ақ Әлжан ағамыздың ССРО баскетболындағы абырой мен беделін анық аңғаруға болады. Кейін Жармұхамедов Ресей құрамасының екінші бапкері ретінде 1994, 1998 жылдары әлем чемпионатының екі күміс медаліне қол жеткізді.

Әлжан ағамның кіндік қаны тамған Бостандық топырағынан кейін Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, әлем чемпионатының 2 мәрте қола медалисі, дзюдошы Әбиба Әбужақынова, т.б. саңлақтар дүркірей бой көтерді.

Ұшақ қанаты талатын айшылық алыс сапарлардан қоржынын томпайтып кітап арқалап қайтатын қайран ағам 2022 жылы 3 желтоқсан күні 78 жасында мәңгілік мекеніне аттанып кете барды.

Алла Тағалаға «Әлжан Мүсірбекұлын мейіріміңе бөлей гөр!» деп жалбарына дұға қыламыз.

Қыдырбек Рысбек,

публицист

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар