Ұлытауда аса қатыгездікпен адам өлтірді деп айыпталған ағайынды 2 жігітке сот үкімі шықты.
- авторОймақ
- 12 қыркүйек, 2024
- 202
Ұлытау облысында аса қатыгездікпен адам өлтірді деп айыпталған ағайынды 2 жігітке сот үкімі шықты.
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күдіктілер А. мен У.-ға қатысты адам өліміне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Соттың мәліметінше, күдіктілер алкогольдік мас күйде болған азамат К-ны өлтіргені үшін кінәлі деп танылды.
«2024 жылдың 19 наурызында, кешкі 21:00 шамасында, сотталушылар А мен У өз үйлерінде ішімдік ішіп отырған. Сөзге келу барысында ағайындылар К-ны өлтіруге шешім қабылдаған. Сотталушы А К-ны жіппен тұншықтырып, ал У марқұмның аяқтарын ұстап тұрған. Нәтижесінде К көз жұмды», – делінген сот хабарламасында.
Қылмыстың ізін жасыру үшін айыпталушылардың мәйітті автокөлік дөңгелектерімен бірге өртеп жібергені анықталды. Айыпталушылардың кінәсі куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, басқа да заттай айғақтармен дәлелденді.
Соттың мәліметінше, айыпталушы У Жезқазған қаласының уақытша ұстау изоляторында өз-өзіне қол салу нәтижесінде көз жұмған.
«Сот А мен У-ды қылмыс үшін кінәлі деп таныды. Сотталушы А 15 жылға бас бостандығынан айырылды, ал сотталушы У қаза тапқандықтан, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.