Демеу Жадыраев, грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері: Cпортта бастысы шыдамды болу керек
- авторОймақ
- 22 тамыз, 2024
- 203
– Алдымен Олимпиада жүлдесімен құттықтаймын! Ал жүлдеге жету үшін Демеу өткен жолды көбі біле бермейді. Жанкүйер үшін жұмбақ спортшысыз. Өзіңізді мойындату үшін қанша жыл сарп еттіңіз?
– Шамамен, 2007-2011 жылдары Абай атындағы университеттің студенті болдым. География және туризм бағытында білім алдым. Сол шақта Алматының түрлі ауданында тұрдым. Тіпті, Барахолка базарынан жаяу келіп жаттығу жасайтынмын. Алмалы шаһардың кептелісін білесіз. Жаттығуға уақытында бару үшін солай істейтінмін. 2011-2012 жылы спорт колледжіне түсуге талпынғаныммен, түсе алмадым. Есесіне, 2012-2016 жылдары Спорт және туризм академиясында тәлім алдым. Бір жыл жатақханада тұрып, тұрақты дайындыққа кірістім. Одан кейін Армия орталық спорт клубына бардым. Жататын жер, уақытылы тамақ пен спорт залдан артық спортшыға не керек? Осылайша, бір жағынан әскери борышымды өтеп, екіншіден, мансабымның кірпішін қаладым. Артынша академияның магистратурасына түсіп, өмір жалғаса берді.
– Біразы спортшылар білімге құмар емес деп жатады. Сіздің ҰБТ-дан 109 балл жинағаныңызды естіп таңырқағанымыз рас.
– Иә, Талдықорғандағы спорт интернатында оқыдым. Білікті ұстаздар сабақ берді. Осы орайда интернаттағы мұғалімдеріме алғыс айтқым келеді. География сабағын жаным сүйді. Картаға қарап отырып, ойша саяхаттап кететінмін. Тыңғылықты дайындықтың арқасында 125 сұрақтың 109-ына дұрыс жауап бердім. Спортты серік еткенімізбен мұғалімдер қатаң талап қойып, сабақты жібермеуге тырысатынбыз. Соның арқасында, АлМУ-ға түстім, географияны зерттедім. Тіпті, 4-курста тәжірибе алмасу кезінде мектепте сабақ беріп, балаларды баулыдық. Сонда оқушыларға білгенімді үйретіп, олармен уақыт өткізген ұнайтынын түсіндім. Оларды бағалап, сөйлесіп, арасында ұрсып та алдым. Мұғалім болу, шәкірт тәрбиелеу ерекше сезім екен. Мүмкін болашақта мұғалім болармын. Өйткені сол тәжірибе алмасудан кейін «мектепте қал, сабақ бер, жұмыс істе» деген ұсыныс болды. Алдымен алғысымды айтып, бас тарттым. Өйткені алдымда күрес түрлерінен биікке жету дейтін мақсат болды. Үшаралдағы Жұмақан ағайым да, интернаттағы бапкерім де менен үлкен үміт күтті.
– Осы орайда қос бапкеріңіз туралы айтыңызшы.
– Мен туған өлке, Үшаралда грек-рим күресі жақсы дамыған. Әсіресе, сол тұста Жаркентте аудан арасында бәсеке қызып тұрған. Әр ауылда күрес залы, күрес үйірмесі бар. Күрес түрлерімен айналысатын бала көп. Қазір соны ақырындап қайта жаңғыртып жатқанына қуанамын. Ал өзім кіші әкемнің жетелеуімен күреске келдім. Сол кісі «сен күресесің» деп кесіп айтты. Сөйтіп, Жұмақан ағайға жетектеп апарды. Алғашқы бапкерім спорт десе, ішкен асын жерге қоятын. Біз үшін тырысты, қолынан келгеннің бәрін жасады. Шәкірттерін жарысқа апару үшін жүгерісін де, жеңгеме көрсетпей малын да сатты. Қызығы сол, егістіктен жүгері жинап, масақ өткіземіз. Біздің бюджетіміз сол (күлді-авт.). Ағайымыз соны сатады, түскен ақшаға жарысқа қатысамыз, қажет дүние сатып аламыз. Ыстығына, суығына қарамай, күреске барын берді. Қазір әлеуметтік желіні кезіп жүрген Қырғызстандағы бейнеүзіктің демеушісі осы – Жұмақан ағай. 2001 жылы алғаш ауылдан алыс жерге, Қырғызстанға жарысқа бардым. Ауылға чемпион болып оралдым. Анам, туған-туысым құшақ жая қарсы алды. Одан кейін 2003 жылы күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатына, Шымкентке жолымыз түсті. Чемпион атанып, өзімнің де, Жұмақан ағайдың да мерейін тасыттым. Сол кездегі қуаныш, кеудені кернеген рух, қошемет есімнен кетпейді. Ағайымның осы жанкешті әрекетіне әлі күнге таңданамын. «Бала Демеуге ағайы не берді?» деп сұрасаңыз, шыдамды болуды үйретіп, күресті жақсы көруіме себепші болды. Өзінің қолынан келмеген тұста да, жол тауып, «жетіңдер, самғаңдар» деп арқадан қақты. Ауылдан шет жаққа жарысқа шығу қиындаған кезде, 2003 жылы Талдықорғандағы мектеп-интернатқа жетелеп апарып, табыстады. Содан 2007 жылға дейін Берік Жапсарбаев бапкерден тәлім алдым. Ауыл баласы үшін бұл тамаша мүмкіндік еді. Бір жерде оқып, дамып, жетілу, алаңдамай спортпен шұғылдану қандай ғанибет! Артынша Берік ағай «Алматыға бар, Боранбек Қоңыратовтың қарамағында жаттық» деп ақылын айтып, бағыт берді. 2007 жылдың күзінде Алатау бөктеріне келіп, Боранбек ағаймен кездестім. Жаздыгүні Өскеменде өткен жарыста жаныма келіп, салмағымды сұрап, әңгімеге тартқан-ды. Осылайша, Абай университетіндегі оқуымды ыңғайлап, күн сайын Достық кешеніндегі жаттығуға құстай ұшатынмын. Күрестің қыр-сырын меңгеріп, әлемдік деңгейге шығуыма ықпалы зор. Ербол Қоңыратов, Алмас Кебіспаев, Дархан Баяхметовпен бірге жаттықтым. Бапкерім аталған балуандармен оқу-жаттығу жиынына кеткен күнде де жеке тапсырма береді. Тапсырманы қолдан келгенше тыңғылықты орындауға тырыстым. Өзінің стилін үйретіп, бар білегін бойға сіңірді. Тіпті, бірлескен жаттығудан кейін алып қалып, бірнеше сағаттап жеке дайындайтын.
– Балуандарға лайықты жағдай жасалмайтындай көрінеді. Оқу жаттығу жиынына ілігу қиынға соқпады ма?
– Әрине, өзің жақсы көрген ісің болған соң барыңды беруге тырысасың. Жетпей жатса, іздеп жүріп ілігесің. Қазір Үкімет тарапынан бар жағдай жасалған. Уақытында беріледі. Кейбір кезде командировканың ақшасы кеш түсіп, балуандардың тырмысып жүретіні рас. Бір салмақтан ел ішіндегі үштікке кіретін спортшылар, облыс тарапынан қаржылай қолдау көретін балуандар бар. Мысалы, өзім 2023 жылы спартакиадада ұтылып қалдым. Сол үшін Алматы облысы жаттығу жиыны шығындарын, түрлі жарыстың жолын көтеріп, қатардан қалдырмады. Кейін Қазақстан чемпионаты өтіп, құрамаға қайта іліктік. Өз басым 10-11-сыныптан бері оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Мұнда да Алматы облысы көтерді. Кейіннен Алматыға келген соң, қалада өткен жиыннан қалмайтынмын. Студент кезімде бірінші сабаққа барам, артынша жаттығу жиыны өткен жерге қарай асығамын. Өйткені Боранбек ағай «Тым болмаса жаттығуға келіп, қатысып қайт» дейтін. Бір уақыт болсын, күшті толықтырып, физикалық жаттығу істейтінбіз. Ересектер құрамасына өткен соң бапкерім жанынан тастаған жоқ. Барынша оқу-жаттығу жиынына барғанымды қадағалады. Ақша бөлінбей қалса, қасына жатқызып, басқа бір бапкердің орнына мені апарған күні болды. Үлкен аламанның алдында спортшылар жаттыққан тұста қатардағы балуандарға ақша жетпей қалатын. Сонда ағаймен бірге «жеке көрермен» ретінде барып, жаттығатынбыз. Оқу-жаттығу жиынының ерекшелігі неде? Себебі елдің түкпір-түкпірінен жиналған балуандармен күресіп, күш сынасасың. Тәжірибе алмасып, білмегеніңді үйренесің. Шетелде өтетін жаттығу жиыны да мол тәжірибе алаңы. Кейде шетел бапкерлерінің айтып-нұсқап жатқанын қағып алуға тырысамыз. Өзара жаттығып жатқанын көрсек, ерекше тұсына мән береміз.
– Дисциплинаны қалай қалыптастырдыңыз?
– Иә, барынша тәртіппен, жоспармен жүруге тырысамын. Әсіресе, оқу жаттығу жиынындағы жоғары жүктемені еңсеру үшін ұйқыны реттеу керек. Әлеуметтік желіні сирек пайдаланамын. Сағаттап отыру дейтін әдет жоқ. Жас балуанға айтарым, спортта жүрген соң шыдам керек. Қандай сәтте де сынып кетуді ойлама. Бастадың ба, соңына дейін жет. Төзім мықты болса, қалған қасиетті жинап аласың. Жылдамдық, ептілік, икемдік сонымен бірге келеді.
– «Кейінгі үш минутта еркінсіп кеттім» дедіңіз. Жалпы, бұл ұлт спортындағы трагедия сияқты. Спорт психологиясын зерттеп көрдіңіз бе? Психологке жиі барасыз ба?
– О бастан Боранбек ағай психолог қызметін қатар атқарды. Сондай кітап оқысақ, ағайдың сөзімен біте қайнасып тұратын. Олимпиаданың алдында психолог жұмыс істеді. Одан бұрын арасында келіп-кетіп жүретін. Бізге келетін жалпылама психолог болса, Боранбек ағай спорт психологындай жұмыс істейтін. Меніңше, әрбір жаттықтырушы – психолог. Бізге дейін бұл жолды жүріп өткен. Қай тұста не істеу керегін жақсы біледі. Босаңсыған тұста Боранбек ағайға қоңырау шалып, өзімді қамшылап алам. Мәселен, Олимпиада кезінде Боранбек Қоңыратов белгілі бір себеппен менімен бірге барған жоқ. Ағайдың сөзін санамда жаңғыртып жүруге тырысып бақтым. Кейде өзіне шығып, ақыл-кеңес сұрадым. Мысалы, ширек финалда Ақжол Махмұдовтан ұтылып жатып, наразы екенімді көрсеттім. Юрий Мельниченко бірден челленджге сұрау салды. Олимпиада кезінде челлендж ұту – үлкен іс. Бұл маған күш берді. Әрі қарай барымды салуға рухани күш алғандай сезіндім. Жартылай финалда да өзіме сенімді болдым. Бұдан бұрын Санан Сүлейменовтан жеңіліп қалғаным бар. Боранбек ағай «бір жеңілгенге екінші рет ұтылмаймын» деп жиі айтатын. Осы сөзі мотивация берді. Ал финалдың алдында видеоқайталау тәсілімен дайындалып көрдік. Жапон балуанының осал тұсын таптым да. Бірақ қанша тактика құрғаныңмен, күрестің басқаша өрбитіні тағы бар. Жеңілісіме кінәлі – өзім. Өйткені кейінгі үш минутта өзімді жоғалтып алдым. Түрлі ой мазалады. Олимп шыңында тұрғандай, қошемет сезінгендей, «мас» күйде болдым. Иә, жеңісті уысымнан шығарып алғаным өкінішті. Десе де, Париж Олимпиадасының күміс жүлдесі бұйырғанына қуаныштымын.
– Спорт медицинасы мен дәрумендер жайында не айтасыз? Допинг дауы шықпас үшін кей балуанның шетелден дәрумен алдыратынын білеміз.
– Иә, лицензия үлестіретін турнир алдында федерация тарапынан да, Алматы облысы тарапынан да дәрумен берді. Жоғары спорт шеберлігі мектебі мен Спортты дамыту дирекциясы да қолдады. Олимпиада ойындарында бір массажист, бір дәрігер қызмет етті. Оқу жаттығу жиынында да дәл солай. Негізі, карьерамда түрлі жарақат алдым. Операцияға дейін жеткізбей жазуға тырыстым. Мұнда да Боранбек ағайдың түрлі әдіс-тәсілі көмекке келді. Бірде тізе жарақатын емші жазып шыққан. Массаж алып, бұлшық етті емдеу арқылы операцияны айналып өттім.
– Күреске реформа керек деп жатамыз. Ал балуандар мемлекет қамқорлығын жататын жер, тамақ, дайындықпен өлшейтіндей.
– Балуандардың өзінше стилі қалыптасқан. Бапкерлер жетегіндегі шәкіртіне төл әдісін бойына сіңірері анық. Кейде соны балуандар халықаралық аренада көрсете алмай жатады. Әйтпесе, біздің күрес әдіс-тәсілге бай, техникамыз мықты. Соны пайдалана алмай, әттегенайлап қалатынымыз бар. Иә, бозкілемде есепке жүйрік болу керек-ақ. Соңғы Олимпиада ойындарына қарап шешім шығару дұрыс емес. Олар төртжылдықты түйіндер додаға қатысу үшін қаншама тер төкті. Лицензия алудың өзі – өзінше жұмыс. Жарыста өзіне психологиялық тұрғыдан сенбей қалып жатады. Мысалы, салмақ қуу – грек-рим күресінің ажырамас бөлігі. Оның өзі есеппен, күш жігермен келеді.
– Рухани ресурсты қайдан аласыз? Жаныңызға тыныштық сыйлайтын не нәрсе?
– Ауылға бару, атпен жүру, достармен бірге демалу рухани ресурс береді. Достар мен туыстардың арасындағы арқа-жарқа отырыс тамаша емес пе?! Кітап оқығанды ұнатамын. Соның бәрі маған рухани тыныштық береді. Таза ауада серуендеп, тауға шыққанда күш жинаймын. Қолымнан келгенше жиі тауға шығамын. Туризм факультетінде оқып жүргенде де демалыс күндері группаластармен тау кезіп кетеміз. Ауылға жайлауға барғанда да тауға шыққанды ұнатамын. Биікте не жасырынып тұрғаны, тау басында қандай сыр тұнып жатқаны қызықтыратын. Соған қарап отырып, ойланғанның өзі рухани демалыс қой. Белжайлау, Аяқсазды аралап, табиғат ғажабына тамсанғанға не жетсін?! Баяғыда Жұмақан ағайымыз жайлауға «оқу-жаттығу жиынына» апаратын. Шатыр тігіп, екі апта көк шөпте күресіп қайтамыз. Соның бәрі болмысқа, мінезге әсер еткен екен. Мінез «әкенің қанымен, ананың сүтімен» келетін дүние. Анам көбінесе тілеуімді тілеп, «абыройлы бол, басың аман болсын, жаттығуда көп күш жұмсап қойма» деп жүреді. Ағайым «өзіміз жоқ жер жақсы көрінетіні рас. Бірақ қайда тұрсаң, сол жерде чемпион болуың керек» дейтін. Ал әйелімнің «жолға түс, арғы жағын жол үйретеді» дегені мотивация береді. Олар – нағыз мотиватор әрі қолдаушым.
– Грек-рим күресінен басқа қандай спорт түрін жақсы көресіз?
– Жалпы, спорттың барлық түріне қызығамын. Бос уақытымда футбол ойнағанды ұнатамын. Допты жақсы теппеймін, футболды жақсы көремін. Сол үшін балуан болмасам, футболшы болар ма едім, кім білсін?! Өз басым футболдан Ұлттық құраманың жанкүйерімін. Жаттығу жиынында ережесіз баскетбол ойнаймыз. Сәрсенбі, сенбі – күні ойын күні, қалыпқа келу күні. Cонда үстел теннисін ойнауға уақыт табатынымыз бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Айзат ЖОЛДАСОВА
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.