Премьер-министр Олжас Бектенов жалған кәсіпорындарды отандық өндірушілер тізбесіне енгізбеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министр құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа “Сіз баяндамаңызда бірыңғай реестр туралы айттыңыз. Оған іріктеу процесі қалай жүреді?” деп сұрақ қойды.
Министр отандық өндірушілер тізбесін жасау үшін цифрлық құралдарға көшкенін айтты.
Қазір цифрлық құралдарға басымдық беріп отырмыз. Біріншіден, Қаржы министрлігінде, Цифрлық даму министрлігінде бүкіл кәсіпорын туралы толық ақпарат бар. Осы ақпаратты пайдаланып, біз шынайы өндірушілерді анықтаймыз. Мысалы, кәсіпорынның қуаттылығы, қызметкерлердің саны туралы және басқа да деректерді жинап, шынайы өндірушілерді іріктейміз, - деді Қанат Шарлапаев.
Шарлапаев кәсіпорындар өндірісіндегі жергілікті мазмұнның үлесі де ескерілетінін айтады.
Екіншіден, локализация деңгейін тексереміз, яғни өндірушілер Қазақстанның шикізатын пайдаланып отыр ма, басқа отандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істей ме? Осыған да мән береміз, - деді министр.
Олжас Бектенов жалған кәсіпорындарды отандық өндірушілер тізбесіне енгізбеуді тапсырды.
Жалған өндірушілер мәселесі өте өзекті. Біз мұндай мәселе барын білеміз. Олар осы реестрге кірмеуі керек, - деді Үкімет басшысы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.