жұма, 22 қараша, 2024 14:54

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Тоқаев 2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспарын бекітті

Тоқаев 2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспарын бекітті
Фото: Ақорда
Тоқаев 2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспарын бекітті

САЯСАТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ

Мемлекет басшысы 2024 жылы 30 шілдедегі "Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту туралы" жарлыққа қол қойды. 

Жоба әзірлеушілері Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан халқына жолдауында тұрақты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу үшін экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігі туралы айтқанын еске салды.

“2023 жылы Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында орнықты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу мақсатында экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігін белгілеп берді. "Орташа табыс тұзағынан" құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру – орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары”, – делінген құжатта.

Сондай-ақ протекционизм мен шектеу шараларының күшеюі аясында қатар басталған жаһандық тізбектер мен сауда-экономикалық байланыстарды қайта құру үрдісі әлемдік экономиканың өсу әлеуетінің төмендеуіне, жоғары инфляцияның ұзақ цикліне және инвестициялар үшін жоғары бәсекелестікке әкелді. Мұндай жағдайларда Қазақстан экономикасының экспорттық-шикізат моделі бюджет кірістерін қалыптастыру және оны әртараптандыруға инвестиция салу мүмкіндігі тұрғысынан шектеледі.

“2014 жылдан бастап ұлттық экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны баяулады және бүгінде 5%-дан аз. Аса жеткіліксіз инвестициялау, инновацияның және экономика өнімділігінің төмен деңгейлері аясында бұл жойылып бара жатқан негізгі қорларды дамыту және орнын толтыру үшін жеткіліксіз. Бұл ретте 2022 жылы ЖІӨ-нің 15%-дан астамы және Қазақстан экспортының 70%-ы минералдық шикізатпен байланысты салаларға тиесілі болды”, – делінген жарлықта.

Іске асырудың негізгі қағидаттары

Құрылымдық жаңару және экономиканың тұрақты өсуі - қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсаттарын орындауға байланысты болатын іргелі міндет.

Осыған байланысты, ұлттық даму жоспары аясында экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидаттары айқындалды. Бұл қағидаттар орта мерзімді пайымның құндылық бағдарларын белгілейді және даму басымдықтары мен күтілетін нәтижелерде көрініс табады.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру және ынталандыру.

Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат.

Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу.

Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару.

Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтықтарға жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін және үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдайлар жасау.

Ұлттық даму жоспары жоспарланған нәтижелер мен іске асыру тетіктерінің ортақтығы негізінде 4 блокқа топтастырылған дамудың 17 бағытын қамтиды.

Құжаттағы жоспардың тәсілдері Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған негізгі күн тәртібі саналатын Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін өтпелі үдерістерді жеделдетуге бағытталған.

Әрбір бағыт үшін 2029 жылға арналған нысаналы индикаторлар мен олардың мәндері, сондай-ақ тиісті күтілетін нәтижелер тізімімен қолдау көрсетілетін дамудың негізгі басымдықтары айқындалған. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары алдағы жылдары іске асыру үшін шаралардың толық тізімін беру міндетін қоймайтынын, сондықтан мақсатқа қол жеткізу құралдарында Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Үкімет) мен жауапты органдарды шектемейтінін атап өту маңызды.

Ұлттық даму жоспарының стратегиялық бағыттарына қол жеткізу үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 39 көрсеткішін қамтитын негізгі ұлттық индикаторлардың картасы қалыптастырылды, олардың декомпозициясы Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес салалар мен өңірлер бөлінісінде жүргізілетін болады. Негізгі ұлттық индикаторлар картасына сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатының деңгейін және әлеуметтік игіліктердің сапасын өлшеу бойынша бірқатар көрсеткіштер енгізілген.

Құжат  шеңберінде сапалы институционалдық жақсаруды мониторингтеу үшін халық пен бизнес арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргізіледі.

Денсаулық сақтау

Бұл бағыттың негізгі мақсаты халықтың денсаулығының жалпы деңгейін арттыру және орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру. Денсаулық сақтау саласын 2029 жылға дейін дамыту аурушаңдықтың алдын алуға және өлім-жітімді азайтуға, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге, оның тартымдылығын, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталмақ.

Білім және ғылым

Саланы 2029 жылға дейін дамыту мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін, орта білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ТжКБ жүйесін жетілдіруге, жоғары білім деңгейін әлемдік стандарттарға дейін көтеруге және ұлттық ғылым үлгісін жаңартуға бағытталады. Іргелі білімге, цифрлық технологияларға және қолайлы білім беру инфрақұрылымына тең қолжетімділікке негізделген жоғары сапалы білім беру жүйесі құрылады.

Әлеуметтік қорғау

Бұл саланы 2029 жылға дейін дамыту қолдаудың атаулылығын күшейтуге, азаматтардың зейнетақы жинақтарын ұлғайтуға және инклюзивті қоғам құруға бағытталмақ. Бұл кедейшілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жайлы орта

Халық үшін жайлы орта мен өмір сүру сапасын дамытудың негізгі басымдықтары бәсекелестік артықшылықтарға негізделген тұрақты экономикалық өсуді ынталандыру, агломерацияларды дамыту, тірек ауылдар негізінде ауылдық жерлерде инфрақұрылым мен қызметтерге қолжетімділікті арттыру, ақылды елді мекендерді дамыту және төтенше жағдайларға дайындықты арттыруға бағытталған.

Экономиканың берік іргетасы

2029 жылға қарай мұнай-газ өнеркәсібі экономика құрылымындағы маңыздылығын сақтайды. Бұл мұнай өндіру көлемдерінің ұлғаюы, сондай-ақ тауарлық газ өндіру көлемдерінің айтарлықтай артуы ықпал етеді.

Энергетика

Өнеркәсіпті дамытудың басымдықтары инфрақұрылымды жаңғырту мен кеңейтуге инвестицияларды ынталандыру, сондай-ақ экономиканың энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды ауқымды іске асыру арқылы энергетикалық қауіпсіздікті және көміртегі бейтараптығы бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Минералды шикізат базасы

Елдің экспорттық әлеуетін іске асыруға және ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін жұмыс істеп тұрған және жаңа өндірістердің өндіріс және оның бәсекеге қабілеттілігін дамыту бағытталаған. Бұл өнеркәсіп өнімінің айтарлықтай өсуіне әкелуі тиіс.

Көлік-логистика кешені

Транскаспий халықаралық көлік бағдарының мультимодальділігі мен бағдарын дамыту, сондай-ақ қазақстандық кәсіпорындар үшін транзиттік тасымалдар мен экспорттық мүмкіндіктер көлемін ұлғайту үшін "Солтүстік - Оңтүстік" бағытының ауқымын кеңейту басым міндеттер саналады. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 2029 жылға қарай 26,7 млн тоннадан 43 млн тоннаға дейін және 1,1 млн жиырма футтық эквиваленттен (ЖФЭ) 2,0 млн ЖФЭ-ге дейін ұлғаяды.

Агроөнеркәсіптік кешен

Бұл сала әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық санаттары бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін ашу, сондай-ақ өнімді жұмыспен қамтуды және жұмысшылардың әл-ауқатының лайықты деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.

Цифрлық және креативті экономика

Елдің инновациялық әлеуетін жан-жақты дамытуға және оны сапалы жаңа деңгейге көшіруге, сондай-ақ олардың ел экономикасына қосатын үлесін кезең-кезеңімен арттыра отырып, креативті индустрияларды дамытуға ерекше басымдық беріледі. 

Туризм

2029 жылға қарай Астана және Алматы қалалары (соның ішінде Алматы тау кластері), Маңғыстау, Түркістан және Бурабай курорттық аймағы сияқты туристік бағыттарды дамытуға және шетелдік туристерді тұрақты тартуға басымдық беріледі.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар