Педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі
- авторОймақ
- 21 ақпан, 2024
- 249
Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру үшін депутаттардың бастамасымен әзірленді, - деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Заң жобаларына зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның ар-намысын қорлауға жол бермеу үшін бірқатар норма енгізіледі.
Біріншіден, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК дейін айыппұл түріндегі жаза не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу;
Ұрып-соққаны үшін 80 АЕК-ке дейін айыппұл не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 25 тәулікке дейін қамауға алу.
Екіншіден, кәмелетке толмаған не дәрменсіз күйдегі адамды азаптау, денсаулығына ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жазаның «бас бостандығын шектеу» балама түрі алынып тасталып, тек бас бостандығынан айыру;
Жас баланы өлтіргені немесе педофилия үшін «өмір бойы бас бостандығынан айыру» жазасы қолданылады.
Үшіншіден, кәмелетке толмағандарға қатысты немесе отбасында әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдардың мінез-құлқына ерекше талаптар қолданылады. Атап айтқанда, сот шешімі бойынша олардан медициналық ұйымдардан психологиялық көмек талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ зорлық-зомбылық деректерін уақытылы анықтау үшін уәкілетті органдардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламаларға ден қою мүмкіндігі қарастырылған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.