жұма, 22 қараша, 2024 13:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Жалақыңыз айдың аяғына дейін жетсін десеңіз: Қаржыны қадағалаудың 10 тәсілі

Жалақыңыз айдың аяғына дейін жетсін десеңіз: Қаржыны қадағалаудың 10 тәсілі
freepik.com
Қаржылық тұрғыда сауатты болу күнделікті өмірде біршама пайдасын тигізеді.

Қазір арамызда жалақыны ай соңына дейін жеткізе алмай әлекке түсіп жүргендер жетерлік. Көпшілік бұған қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік беретін қаржылық сауаттылық болмауы себеп екенін айтады. Осы орайда оқырман назарына жазушы, «Қаржы қағидалары» кітабының авторы Данияр Жігітбек жалақыны айдың соңына дейін жеткізудің тиімді жолдарын түсіндіреді.

«Қаржы сауаты жайлы кітаптардың қайсысын алсаңыз да, ол жерде айтылатын бірінші кеңес – өзіңе төлеу. Яғни «тапқан табысыңның 10 пайызын жина, қалған 90 пайызына өмір сүріп үйрен» деген сөз. Паркинсон заңы бойынша шығындар табысқа қарай ұмтылады, адам қанша қаржы тапса, сонша жаратады деген ереже бар. Бірақ оны сіз осылай өз пайдаңызға жарата аласыз», – дейді ол.

Сонымен қатар жазушы қаржылық сауаттылықты арттырудың алғашқы қадамдарына тоқталды.

«Ақша – ресурс, оны басқарып білу керек. Ақшаның ерекше қасиеттерінің бірі – оны басқара алмасаңыз, ол сізді басқарады. Сонда ақша айдың соңына дейін жетпей қалатын ситуациялар кезігеді. Ал оны басқару үшін не істеу керек?

Жалпы бір нәрсені басқару үшін оны есептей, өлшей алу керек. Кіріс-шығыс есебін жүргізудің де мәні – осы. Әр шығынды жазып отыру арқылы адам өзінің сауаттылығын арттыра алады. «Ақша қайдан келді, қайда кетті, қай кезде өзіңді тежеу керек, қай кезде жұмсауға болады?» деген сұрақтарға осы есеп арқылы анық жауап беруге болады.

Қазір кіріс-шығыс есебін жүргізуге арналған coinkeeper секілді арнайы қосымшалар бар. Одан бөлек Excel кесте немесе дәптерге жазу арқылы да жүргізе беріңіз. Бұл арқылы адам автоматты түрде ақшасын үнемдей бастайды. Кез келген адам өзінің қайда ақша жұмсап жатқанын көзбен көріп, сезінген кезде белгілі бір қалауларын өшіре тұрады, белгілі бір қадамдарының негізсіз екенін түсініп, орынсыз ақша жұмсамайды», – дейді ол.

Данияр Жігітбектің айтуынша, қаржылық тұрғыда сауатты болу күнделікті өмірде біршама пайдасын тигізеді.

«Ақшаны дұрыс жұмсай білсеңіз: ешкімге мұқтаж болмайсыз, ақшаңыз айына жететін болады, басқаларға көмектесесіз. Тіпті, ажырасу секілді отбасылық проблемалардың алдын аласыз. Ең соңында қаржылық еркіндік жолына түсесіз.

Әр адам еркін болуды қалайды әрі соған ұмтылады. Алайда біздің өмірімізде бәрі ақшаға байланған. Сол үшін ақша жетіспегендіктен, банктерге, басқа адамдарға тәуелділік болады. Еркіндік – адамның қолындағы ең үлкен құндылықтардың бірі. Ең болмағанда жеке басыңыздың еркіндігі үшін қаржылай сауатты болыңыз дегім келеді», – дейді автор.

Бұдан бөлек жалақыны айдың соңына дейін жеткізудің 10 әдісін назарларыңызға ұсынамыз:

Бюджетті бөлу

Тұрғын үй немесе ипотека, коммуналдық қызмет, азық-түлік, көлік, сақтандыру және кез келген төлемдерді қоса есептегенде, ай сайынғы шығындарыңыздың толық тізімін жасаңыз. Оның арасынан маңызды және маңызды емес шығындарды ажыратып алыңыз.

Маңызды нәрсеге басымдық беру

Тұрғын үй, коммуналдық қызмет және тамақ секілді негізгі қажеттіліктеріңіз бірінші кезекте қамтылғанына көз жеткізіңіз. Маңызды емес шығындарды азайтыңыз.

Төтенше жағдайға арналған қор

Күтпеген шығындарды жабу үшін резервтік қор құрыңыз. Қаржылық қауіпсіздік жүйесінің болуы сізге бюджеттен артық ақша жұмсамауға көмектеседі.

Шығындарды қадағалау

Қысқартуға болатын заттарды анықтау үшін күнделікті шығындарыңыздың есебін жүргізіңіз. Сондай-ақ бюджетке арналған қолданбаларды немесе электрондық кестелерді пайдаланыңыз.

Азық-түліктен ақша үнемдеу

Дүкеннен алатын азық-түлік тізімін алдын ала жасап алыңыз. Сонда эмоциямен сатып алу деген мәселеге кезікпейсіз. Одан бөлек жеңілдіктерді іздеңіз және купондарды пайдаланыңыз.

Сырттан тамақтануды шектеу

Үйде тамақ пісіру сыртта тамақтанудан гөрі тиімдірек болады. Әрі осы қадам арқылы уақытыңыз бен ақшаны да үнемдей аласыз.

Нақты мақсаттар қою

Шынайы болыңыз және алдыңызға қол жеткізуге болатын мақсаттар қойыңыз. Қажеттілік туындаған жағдайда, кәсіби қаржыгерден кеңес алуға қорықпаңыз.

Қосымша табыс

Мүмкіндігінше толық емес жұмыс күні немесе штаттан тыс жұмыс арқылы қосымша табыс көздерін табуды қарастырыңыз.

Несие картасын пайдалануды шектеу

Несиелік карта бойынша қарызды жинамау үшін күнделікті шығындарды қолма-қол ақшамен төлеңіз. Егер несие картаңыз бойынша қарыз болса, пайызы көбеймеу үшін, оны төлеуге басымдық беріңіз.

Өзіңізді тәрбиелеу

Қаржы сауаты туралы үнемі зерттеп отырыңыз. Қаржылық жағдайыңызды түсіну сізге дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар