Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында барлығы 76 үй бүлінді. Қазіргі кезде 14 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ал 54 үйдің иесі дайын үй сатып алуға шешім қабылдады, деп жазады Inform.kz.
Мұғалжар ауданының бірнеше ауылы мен Ембі қаласында су тасқынына қарсы жұмыс жүргізілді.
Мұнда 76 үйге су кіріп, техникалық тексерушілер мен бағалау комиссиясының шешімімен 68 үй тұруға жарамсыз деп танылды.
Ал 8 үйді жөндеу жұмыстарына 17 млн 450 мың теңге берілді. Мұғалжарлықтардың көбі аудан орталығы Қандыағаш қаласына көшуді жөн санап отыр.
— Мұғалжар ауданының Жағабұлақ ауылында 9, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Барлығы 54 тұрғын дайын үй сатып алуға өтініш берді. Оның 21-іне үй сатып алу қаржысы аударылды. Тағы 22 үйдің құжаты дайын. Өзге отбасылар сатып алатын үй іздеп жүр. Көбі аудан орталығы Қандыағаш қаласына көшуді жөн көрді. Сатып алған 21 үй де Қандыағаштан, — деді Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов.
Жағабұлақ ауылындағы құрылыс жұмысы мамыр айында басталды. Мердігер компания шілдеде бар жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр.
— Біздің компания Жағабұлақ және Бірлік ауылдарына үй салып жатыр. Мұнда құрылыс жұмысына қажетті материалдар жеткізілді. Жағабұлақта 30-дан астам жұмысшы бар. Құрылысқа тартылған адамдардың бәрі өз компаниямыздың жұмысшылары, — деді мердігер мекеме басшысы Анұр Ахмади.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде малынан айырылған 8 шаруа қожалығы мен 5 адам шығынды өтеу жөнінде өтініш білдірген.
Бүгінде олардың өтініші негізінде 15 млн теңгеге жуық қаржы аударылды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.