Бейнебаянның облыс әкіміне ешқандай қатысы жоқ - Азамат Қасым
Облыс әкімдігі тарапынан тапсырма берілмеген.
Семей қаласындағы екі асабаның облыс әкімі туралы жылы лебіз білдірген бейнежазбасы әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғам назарын аударды. Аталған бейнежазба азаматтардың жеке шығармашылық бастамасы екені белгілі болды. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым жазды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Оның айтуынша, бейнежазбаның облыс әкімдігіне, құрылымдық бөлімшелеріне және өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ.
Бейнежазба 25 қараша күні кешкі уақытта Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланған. Кейіннен авторлардың парақшаларынан алынып тасталған.
Баспасөз хатшысы ақпараттық кеңістікте шынайылық пен жауапкершілік қағидаттарын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын оқиғаның нақты мән-жайын ескеруге шақырды.