Қоғам

Прокурор Алмасбек Садырбайды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Сот процесі 2026 жылдың 9 сәуірінде басталған.

Алматы облысының Қонаев қалалық сотында мемлекеттік айыптаушы қоғам белсендісі, агросарапшы Алмасбек Садырбайды 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

«Адал сот» қоғамдық бақылаушыларының мәліметінше, бұған дейін сот тергеуі аяқталып, тараптар жарыссөзіне көшкен. 23 қарашада өткен сот отырысында 25 қарашаға дейін үзіліс жарияланған.

Алмасбек Садырбаймен бірге тағы алты адам сот алдында жауап беріп жатыр. Істі судья Нұрсұлтан Қойшыбаев қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушы – Әлімжан Санабаев.

Еске сала кетейік, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбай 2024 жылғы 6 қарашада ұсталған болатын.

Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушылар 2021–2024 жылдары жалған ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы мемлекеттік субсидияларды заңсыз иеленген. Келтірілген залал көлемі шамамен 1,2 млрд теңгеге бағаланған.

Садырбайға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:

190-бап – алаяқтық;

218-бап – қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру;

262-бап – ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу.

Алматы облысы прокуратурасының бұған дейін таратқан мәліметіне сүйенсек, қылмыстық іс 27 эпизодтан және 349 томнан тұрады.

Алмасбек Садырбай өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Ол қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, тергеудің біржақты жүргізілгенін мәлімдеген.

Алмасбек Садырбай ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік субсидиялау саясатын сынап жүрген қоғам белсендісі ретінде танылған. Ол «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігін және «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығын басқарған.

Сот процесі 2026 жылдың 9 сәуірінде басталған.