Президент "Халықтық құрылыс" қаржысын бақылайтын комиссия құрамын бекітті
Комиссияны Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов басқарады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жаңғырту бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрамын бекітті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Мемлекет басшысының 24 қарашадағы жарлығына сәйкес, комиссияны Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов басқарады. Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров оның орынбасары болды.
Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері, өңірлік мәслихаттардың төрағалары, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, журналистер мен кәсіпкерлер енді.
Құрылтай депутаттарының қатарында Наталья Годунова, Ольга Перепечина, Марат Қожаев, Сергей Пономарёв, Юлия Кучинская және Шолпан Каринова бар.
Бюджет қаражатының жұмсалуын Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева, «Другие места» YouTube жобасының авторы әрі жүргізушісі Ренат Ташкинбаев, журналистер Нұрбек Бекбауов, Вера Захарчук және Риат Шони де бақылайды.
Бизнес қауымдастығы атынан комиссия құрамына «Шин-Лайн» компаниялар тобының негізін қалаушы Андрей Шин мен «Зенченко және компания» серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко кірді.
Сондай-ақ комиссия құрамында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Владимир Изюмников және Ұлттық волонтерлік желінің төрағасы Вера Ким бар.
Мемлекеттік комиссия бағдарламаны іске асырудың барлық кезеңін – жоспарлау мен қаржы бөлуден бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейін бақылайды.
Комиссияның негізгі міндеттері:
құрылыс жобаларының уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету;
құрылыс құнының негізсіз өсуіне жол бермеу;
мемлекеттік сатып алулардың заңдылығын бақылау;
бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу;
тәуекел деңгейі жоғары жобаларды анықтап, оларды жою бойынша шаралар әзірлеу.
Мониторинг қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына тоқсан сайын және жыл соңында есеп ұсынылады. Комиссияның жұмыс органы ретінде Жоғары аудиторлық палата белгіленді.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы нені қамтиды?
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Құрылыс жылы деп жариялаған болатын.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында елімізде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, медициналық мекемелер, спорт кешендері және басқа да әлеуметтік нысандар салынып, жаңғыртылады.
Бұған дейін Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында жемқорлардың бағдарламаның беделіне нұқсан келтіріп, оның жүзеге асырылуына кедергі жасауына жол берілмейтінін мәлімдеген еді.