Саясат

Қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді - Ерлан Қарин

Вице-Президент Ерлан Қарин кәсіби мамандармен тіл нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады,

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Вице-Президент Ерлан Қарин кәсіби мамандармен тіл нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жиынға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, көрнекті тілтанушы ғалымдар, сала мамандары, Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында осы саладағы жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, ұсыныстар мен пікірлерді саралап, ережелерді бекіту мәселелері қаралды.

Вице-Президенттің айтуынша, аталған қадамдар қазақ тілінің бүгінгі қолданысын реттеп қана қоймай, оның болашақтағы дамуына берік негіз қалайды.

Жиында тіл жанашырлары мен мамандары осындай тарихи маңызы бар бастамамен айналысуға мүмкіндік беріп, сенім артқан Мемлекет басшысына алғыс айтты.

Жалпы, жоба аясында нормалар мен ережелерге арналған 6 анықтамалықты, 19 негізгі сөздікті, соның ішінде орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық, терминологиялық сөздіктерді әзірлеу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 9 академиялық аударма сөздігі дайындалады. Осы еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық цифрлық платформасына жинақталып, баршаға қолжетімді болады.