Ерлан Қарин Президенттің қазақ тілі туралы айтқан маңызды бастамалары туралы айтты
Қазақ тілінің емле ережелері мен сөздіктері жаңартылады
ҚР Вице-Президенті Ерлан Қарин Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген бес маңызды мәселеге назар аударды. Ол мемлекеттік тілдің болашағы, емле ережелерін жетілдіру, қазақ тілінің ғылым мен технология саласындағы қолданысын кеңейту, қоғам бірлігін нығайту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Ерлан Қариннің айтуынша, Құрылтай мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне арналған кейінгі жылдардағы ең ауқымды жиындардың бірі болды.
Қазақ тілінің болашағына сеніммен қарау қажет
Вице-Президент ең алдымен Мемлекет басшысының қазақ тілінің келешегіне қатысты айтқан сөздеріне тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік тілдің болашағына күмәнмен қарау қоғамдағы оң өзгерістерге кедергі келтіруі мүмкін.
Ол тіл мәселесінде сындарлы көзқарас ұстанып, елдің де, мемлекеттік тілдің де болашағына сеніммен қарау маңызды екенін атап өтті.
Қазақ тілінің емле ережелері мен сөздіктері жаңартылады
Екінші маңызды мәселе – қазақ тілінің нормаларын жетілдіру. Президент осы бағытта ауқымды реформа жүргізуді тапсырған.
Ерлан Қариннің айтуынша, бұл мәселе ғалымдар мен қаламгерлер тарапынан бұрыннан көтеріліп келеді. Енді тіл мамандарының алдында емле ережелері мен сөздіктерді біріздендіру міндеті тұр.
Қазақ тілі ғылым мен жасанды интеллект тіліне айналуға тиіс
Вице-Президент атап өткен үшінші мәселе – қазақ тілінің ғылым, өндіріс, технология және инновация салаларындағы қолданысын кеңейту.
Оның пікірінше, болашақта кез келген тілдің әлеуеті цифрлық ресурстарының көлемі мен сапасына байланысты болмақ.
Мемлекеттік тіл қоғамды біріктіруге тиіс
Төртінші мәселе ел бірлігі мен қоғам тұтастығына қатысты. Ерлан Қарин Президенттің бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайтыны жөніндегі ұстанымына назар аударды.
«Құрылыс және тағы да құрылыс» жалпыұлттық ұранға айналуға тиіс
Бесінші мәселе – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Ерлан Қарин Президенттің құрылтайда аталған бағдарламаның маңызына арнайы тоқталғанын жеткізді.
Бағдарлама аясында елімізде балабақшалар, мектептер, кітапханалар, ауруханалар, емханалар, оңалту орталықтары, спорт нысандары, өндіріс орындары, жолдар, вокзалдар мен әуежайлар салу көзделіп отыр.