Әлеумет

Үш үйірмеге айына 75 мың теңге: Қазақстанда қосымша білім кімге қолжетімді?

Қазақстанда 2,2 млн бала тегін үйірме мен секцияға қатысады. Ал ақылы үш үйірменің өзі кей отбасына айына 75 мың теңгеге түсуі мүмкін. Ауылда мәселе басқаша: бала қызыққан үйірме көрші ауданда болса, оған тұрақты қатынаудың өзі қиын. Үйірменің ақысы, жол қиындығы және тегін орын туралы ақпараттың шашыраңқылығы баланың таңдауын қалай шектейді?

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,5 млн бала қосымша біліммен қамтылған. Оның 2,2 миллионы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысқан. Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асанованың айтуынша, бұл көрсеткіш баланың өзі қызығатын үйірмені таңдай алуына қаншалықты жағдай жасалғанын толық ашпайды. Кей отбасылар үшін үйірменің ақысы қымбат болса, кей елді мекендерде таңдау аз, ал көрші ауданға қатынау қиын.

«Сыныпта балалардың оқулықтары мен оларға қойылатын талаптар бірдей болуы мүмкін. Бірақ мектептен тыс мүмкіндіктері әртүрлі. Бірінің қосымша сабаққа қатысуына, тәлімгерден көмек алуына жағдайы бар. Екіншісіне ата-анасының уақыты, отбасының табысы, көлік қатынасы, тіпті интернет сапасы да кедергі болуы мүмкін. Жылдар өте келе бұл айырмашылықтар баланың өзіне деген сеніміне, қызығушылығына және оқу нәтижесіне әсер етеді», – дейді сарапшы.

Үйірмеге қатысу қанша тұрады?

Асанова қараған 2026 жылғы ашық ұсыныстарда ірі қалалардағы жекеменшік дамыту орталықтарында сегіз сабақтың құны 25–45 мың теңге аралығында болған. Кейбір облыс орталықтарында 12–32 мың теңгелік бағдарламалар кездескен. Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы үйірмелердің бағасы 1 200 теңгеден 15 мың теңгеге дейін жеткен. Бұл бағалар сарапшы қараған ұсыныстарға қатысты, ал сабақтың форматы мен саны әр мекемеде әртүрлі.

Мысалы, әрқайсысы айына 25 мың теңге тұратын үш үйірмеге қатысқан балаға отбасы ай сайын 75 мың теңге төлейді. Төрт үйірменің ақысы айына 100 мың теңгеге жетеді. Тоғыз оқу айында бұл 675–900 мың теңге болады. Жолақы, арнайы киім, сабаққа қажет материалдар мен жарысқа бару шығыны бөлек есептеледі.

Шағын елді мекендерде үйірме арзанырақ болғанымен, бала қызыққан бағыт сол ауылда болмауы мүмкін. Сарапшының айтуынша, үйірме көрші ауданда болса, сабақ кестесі мен автобус уақыты да баланың тұрақты қатысуына әсер етеді.

Қай жерде үйірме, қай жерде көлік керек?

Асанова үйірмелердің қолжетімділігін аудан, ауыл және шағынаудан деңгейінде бағалауды ұсынады. Оның айтуынша, мың балаға шаққанда қанша бағыт барын, тегін сабақтарға кімдер тұрақты қатысатынын, жолға қанша уақыт кететінін және отбасының ваучерді қанша уақыт күтетінін білу қажет. Осы деректер қай елді мекенде жаңа үйірме ашу, ал қай жерде көлік қатынасын реттеу қажет екенін анықтауға көмектеседі.

Сарапшы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін көмекті бөлек қарастыру керегін айтады. Кей балаға оқу процесін бейімдеу мен мектеп мамандарының қолдауы қажет. Басқасына тұрақты түзету-дамыту сабақтары керек. Мұндай қолдау баланың оқу процесіне толық қатысуы үшін қажет.

Тегін үйірме туралы ақпаратты табу да ата-анаға қиындық туғызуы мүмкін. Асанованың айтуынша, отбасылар кейде мемлекеттік тапсырыс аясында қандай сабақтар өтетінін бірнеше сайттан, чаттан және хабарландырудан іздеп, телефон арқылы нақтылауға мәжбүр.

«Мемлекеттің міндеті – барлық отбасының тұрмыс жағдайын теңестіру емес. Ең бастысы, баланың болашағы ата-анасының табысына немесе қай жерде тұратынына тәуелді болып қалмауы керек», – дейді Жазира Асанова.