Қоғам

Экс-министр Ғани Бейсембаев Бажкеновадан 20 млн талап етті: сот шешімі қалай болды?

2026 жылдың 18 тамызында Гүлнар Бажкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Оқу-ағарту экс-министрі Ғани Бейсембаевтың Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қарсы ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау туралы шағымын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Экс-министр өзі туралы жарияланған ақпаратты теріске шығарып, жазбаларды өшіруді, сондай-ақ 20 миллион теңге моральдық өтемақы мен заңгерлік көмек шығындарын өндіруді талап еткен. Сот шешімімен журналист бұрынғы министрге 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы және 7 162 теңге мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттелді. Ал заңгерлік қызмет үшін сұралған 1 миллион теңгені өндіруден сот бас тартты, себебі талапкер бұл қызметтің төленгенін растайтын құжаттарды ұсынбаған.

Соттасуға Гүлнар Бажкенованың 2025 жылғы 7 қазанда Facebook, Instagram және Telegram желілерінде жариялаған жазбалары түрткі болған. Онда Ғани Бейсембаевтың бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен туыстық байланысы бар екені және бұл оның қызметтік өсуіне ықпал еткені жазылған. Сот бұл мәліметтерді шындыққа жанаспайды деп танып, Бажкеноваға шешім заңды күшіне енгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде жазбаларды өшіріп, теріске шығару туралы ақпарат жариялауды міндеттеді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың 18 тамызында Гүлнар Бажкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда журналистің 14 жасқа толмаған баласы болуына байланысты сот жазаны өтеу мерзімін екі жылға кейінге қалдырды.