Әлеумет

17 адам бір үйдің адресін көрсеткен

Аталған мекенжайда шынымен де тұрмысы төмен отбасы тұрған.

Түркістан облысында әлеуметтік көмек көрсету саласындағы заңбұзушылықтар мен жүйелі олқылықтар анықталды. Бұл туралы жарияланған мәліметтерде әлеуметтік төлемдерді тағайындау және олардың мақсатты жұмсалуына қатысты мәселелер көтерілген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Жетісай ауданында 2022–2023 жылдары 17 адам аз қамтылған отбасыларға арналған әлеуметтік көмекті алу үшін өздеріне тиесілі емес бір үйдің мекенжайын көрсеткен.

Аталған мекенжайда шынымен де тұрмысы төмен отбасы тұрған. Алайда басқа жерде тұратын 17 азамат әлеуметтік көмек рәсімдеу кезінде осы отбасының мекенжайын пайдаланған. Облыстық прокуратура бұл деректі анықтаған. Сонымен қатар өтініштерді қабылдаған жауапты қызметкерлер бір мекенжайдың бірнеше рет көрсетілуіне тиісті назар аудармаған.

Отырар ауданында да әлеуметтік төлемдерге қатысты заңбұзушылық тіркелген. Прокуратураның 2 қарашада жариялаған мәліметіне сәйкес, мүгедектігі бар балаларға арналған 9 миллион теңгеге жуық әлеуметтік көмек толық көлемде төленбеген.

Аудандық мәслихат ай сайынғы әлеуметтік көмекті тағайындағанына қарамастан, 96 балаға тиесілі қаражат толық берілмеген. Төлемдер тек прокуратураның араласуынан кейін жүзеге асқан.

Бұл жағдайлар әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бақылау тетіктерінің жеткіліксіздігін және бюджет қаражатын бөлу жүйесінде шешімін күткен мәселелер бар екенін көрсетеді.

Жалған мәлімет ұсынып, мемлекеттік көмекті заңсыз алуға тырысқан азаматтардың әрекетімен қатар, әлеуметтік төлемдерді тағайындауға және олардың уақытылы берілуіне жауапты мемлекеттік органдардың жұмысына да назар аудару қажет. Бір жағдайда өзге адамның мекенжайын пайдаланып әлеуметтік көмек рәсімдеуге мүмкіндік берілсе, екінші жағдайда заңды түрде тағайындалған қаражат балаларға уақытылы төленбеген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесіндегі кемшіліктерді сынға алған болатын. Президенттің айтуынша, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқарудағы қателіктер жаңа жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер беру арқылы бүркемеленіп келген.

Сонымен қатар ауқатты отбасылардың да мемлекеттен қаржылай қолдау алып отырғанына назар аударылып, мұндай жағдайлар аясында мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты өзекті мәселелердің шешілмей отырғаны айтылды. Мемлекет басшысы бюджет қаражаты есебінен халыққа жалған қамқорлық көрсету тәжірибесіне де тоқталған еді.

Әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу үшін бірқатар бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда:

* бюджет қаражатының жұмсалуын ашық әрі тиімді бақылау;

* әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуын қамтамасыз ету;

* жасырын кірістерді анықтап, әлеуметтік төлемдердің қайталануына жол бермейтін цифрлық тетіктерді енгізу;

* жүйелі мәселелерді бір реттік қаржыландыру арқылы шешуге тырысатын тәжірибеден бас тарту;

* бюджет қаражатын мектептер мен ауруханалар салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың табысын арттыруға бағыттау.

Әлеуметтік қолдаудың негізгі мақсаты азаматтарды жәрдемақыға тәуелді ету емес, олардың өздерін және отбасыларын қамтамасыз етуіне жағдай жасау болуы тиіс. Ал мемлекеттік көмек шынымен мұқтаж азаматтарға жетіп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ететін тетікке айналуы қажет.