Ташкентте тамақтан уланып, ауруханаға түскен жас қазақстандық спортшылар емханадан шықты
Барлық науқасқа алдын ала «жедел диарея» диагнозы қойылған болатын.
Ташкентте тамақтан уланып, ауруханаға түскен барлық жас қазақстандық спортшы емдеу мекемесінен шығарылды, деп хабарлайды Qaz365.kz Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жасөспірімдердің жағдайы жақсарғаннан кейін дәрігерлер оларды ауруханадан шығару туралы шешім қабылдаған.
Еске сала кетейік, 1 қарашада Қарағандыдан Ташкентке Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне барған балалар мен ересектердің уланып қалғаны белгілі болған еді. Олар 31 қазан күні таңғы асқа қуырылған жұмыртқа мен шұжық жеген соң өздерін жайсыз сезінген. Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханаға құсу, іш өту, іштің ауыруы және дене қызуының көтерілуі белгілерімен барлығы 20 қазақстандық түскен. Барлық науқасқа алдын ала «жедел диарея» диагнозы қойылған болатын.
Осы оқиғаға байланысты 3 қарашада Ташкенттің Чиланзар аудандық прокуратурасы «Санитарлық заңнаманы немесе індетпен күресу ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жұмыстары аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу бөлімшесіне тапсырылған және қазіргі уақытта қылмыстық іс өндірісте жатыр.