Дәрі орнына есірткі сатқан: қылмыстық топ құрықталды
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Қазан айында Қазақстанның бірнеше өңірінде есірткі және психотроптық препараттарды заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топтар құрықталды. Күдіктілер қатарында фармацевтикалық компаниялардың басшылары мен қызметкерлері бар, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Көкшетау, Щучинск қалалары мен «Бурабай» курорттық аймағында препараттарды тасымалдауды және таратуды жолға қойған 11 адам ұсталған. Тінту барысында 50 мыңнан астам «Тропикамед» препаратының құтысы, тағы 4 мыңға жуық ұқсас дәрі-дәрмек, сондай-ақ атыс қаруы, оқ-дәрі, бірнеше автокөлік пен ірі көлемде ақша (оның ішінде шетел валютасы) тәркіленді.
Сонымен қатар, Қарағанды және Теміртау қалаларында құрамында жергілікті криминалитет өкілдері бар 10 адамнан тұратын тағы бір топ ұсталды. Полиция олардың Қарағанды облысы аумағында күшті әсер ететін психотроптық заттарды өткізуге қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтар жинаған. Бұл топтан да психоактивті заттар, травматикалық және суық қару табылған.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.