АҚШ-та жеке ұшақ апатқа ұшырап, тоғыз адам қаза тапты
АҚШ-тың Флорида штатында Learjet 60 жеке ұшағы құлап, борттағы тоғыз адамның барлығы қаза тапты.
Бұл туралы АҚШ көлік министрі Шон Даффи мәлімдеді, деп хабарлайды Turkystan.kz.
АҚШ-тың Федералды авиация әкімшілігінің (FAA) мәліметінше, апат 1 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:50 шамасында болған. Әуе кемесі Палм-Бич округіндегі Крестхейвен маңындағы тұрғын ауданға құлаған. Ұшақ Техас штатындағы Остин-Бергстром халықаралық әуежайынан Багам аралдарындағы Норт-Элеутера әуежайына бағыт алған.
Ұшақ құлаған жерде өрт шығып, жақын маңдағы жолдар уақытша жабылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жердегі адамдар арасында зардап шеккендер тіркелмеген.
Әуе апатының себебі әзірге белгісіз. Тергеуді АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) жүргізеді. Федералды авиация әкімшілігі тергеу жұмыстарына қолдау көрсетеді.