«Таза Қазақстан»: Астанада мұғалімдер суды зерттеу әдістерімен танысты
- авторОймақ
- 30 қазан, 2026
- 39
Семинарға «AQUALAB» жобасының 10 тірек мектебінен химия, биология және география мұғалімдері, сондай-ақ онлайн тіркелген елордалық педагогтер қатысты.
Іс-шараны қалалық Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ақпараттық-талдау орталығы мен «Caravan of Knowledge» корпоративтік қоры ұйымдастырды.
Практикалық сабақтарда қатысушылар зертханалық жабдықтармен жұмыс істеп, тәжірибе деректерін жинау мен талдау тәсілдерін үйренді. Сондай-ақ жергілікті экологиялық мәселелерді оқушылардың зерттеу жұмыстарына арқау ету мүмкіндіктерін талқылады.
«Caravan of Knowledge» корпоративтік қорының директоры Дарын Серікұлының айтуынша, кешендегі арнайы зертханада балаларға суды үнемдеу, ресурстарды тиімді пайдалану және осы бағытта жобалар әзірлеу үйретіледі.
Семинар қорытындысы бойынша мектептерде «AQUALAB» үйірмелері мен факультативтерін дамытуға, су үнемдеуге арналған бастамаларды іске асыруға және оқушылардың зерттеу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға қатысты ұсынымдар әзірлеу жоспарланған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






