Саясат

Жасанды интеллект арқылы тіл үйретуге бола ма?

Соңғы жылдары жасанды интеллект (ЖИ) тіл үйретудің жаңа құралына айналды. Бүгінде ол тіл үйренушімен диалог құрып, жазба жұмыстарын тексеріп, айтылымды жаттықтыруға және оқу материалдарын деңгейге бейімдеуге мүмкіндік береді.

Алайда ЖИ тіл үйретуде қаншалықты тиімді және оның қазақ тілін меңгертудегі мүмкіндігі қандай?

Әлемдік зерттеулер жасанды интеллектінің тіл үйренуге оң ықпал ететінін көрсетеді. Мәселен, виртуалды серіктеспен диалог құру сөздік қорды молайтып, қарапайым грамматикалық құрылымдарды меңгеруге көмектеседі. Ал ChatGPT сияқты генеративті модельдер тілдесім мен жазылым дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сөйлеуді автоматты тану технологиялары айтылымға қатысты кері байланыс ұсына алады.

Бұл тәсілдердің тиімділігі тілге, тапсырмаға және кері байланыстың сапасына байланысты. Әсіресе қазақ тілі сияқты цифрлық ресурстары салыстырмалы түрде аз тілдер үшін сапалы тілдік деректердің маңызы зор. Мысалы, орыстілді тіл үйренуші қазақ тіліндегі «ы» мен «ә» дыбыстарын дұрыс айтуда қиындыққа тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүйе қатені ғана көрсетпей, оны қалай түзету керектігін де түсіндіре алуы қажет.

Жасанды интеллектінің қатені дұрыс анықтауы үшін тіл үйренушілердің нақты қандай қателер жіберетінін білу маңызды. Осы міндетті шешудің бір жолы – оқу корпусын қалыптастыру.

Ұлттық корпус тілдің қолданысын көрсететін мәтіндер қорын қамтыса, оқу корпусына тілді үйренушілер жазған мәтіндер енгізіліп, олардың қателері бастапқы күйінде сақталады. Мұндай деректер арқылы әр деңгейге тән типтік қателерді анықтауға, олардың қалай өзгеретінін зерттеуге және оқу материалдарын жетілдіруге болады. Сонымен қатар оқу корпусы ЖИ негізінде жұмыс істейтін қатені анықтау және түзету жүйелерін дамытуға негіз бола алады.

Осы бағытта А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары Learner Corpus жобасын жүзеге асыруда. Жоба институт пен Оксфорд университетінің Oxford Birsöz Initiative ұйымының ынтымақтастығы аясында, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің BR24993244 «Қазақ тілі ұлттық корпусын Smart-мәтіндер мегажобасы және қазақтілді жасанды интеллект негізі ретінде жетілдіру, ішкорпустарын әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы негізінде әзірленген.

Learner Corpus басқа оқу корпустарынан тек қазақ тілін үйренушілердің өз қолымен жазған мәтіндер жинағы болып қана қоймай, қазақ тілін ағылшынтілді аудиторияға үйретуге арналған алғашқы кешенді лингводидактикалық ресурс болуымен ерекшеленеді.

Платформада А1-В2 деңгейлеріне арналған мәтіндер, бейімделген мәтіндер, фонетика мен грамматика материалдары, аудио және бейнематериалдар, сондай-ақ тіл үйренушілердің өздері жазған мәтіндер жинақталған.

Learner Corpus платформасында жасанды интеллект тіл үйренушінің оқылым, жазылым, айтылым және тілдесім дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Тілдесім бөлімінде пайдаланушы ұсынылған немесе өзі таңдаған тақырып бойынша виртуалды серіктеспен диалог құра алады. Жүйе жауап беріп, тіл үйренушімен диалог құрады, аудионы мәтінге айналдырып, қателерді түзетуге көмектеседі.

Жазылым тапсырмасында тіл үйренуші кемінде 30 сөзден тұратын мәтін жазып, оның қатесін тексере алады. Жасанды интеллект қателерді көрсетіп, оларды түзетуге қатысты түсініктеме беріп қана қоймайды. Ол сондай-ақ тіл үйренушінің жазылым дағдысындағы осал тұстарды да көрсетіп береді. 

Оқылым кезінде пайдаланушы мәтіндідауыстап оқып, аудиоға жазады да, оқытушыға жібереді. Оқытушы тексеріп, кері байланыс береді. Ал Shadowing тапсырмасында бейнематериалдағы кейіпкердің сөзін қайталау арқылы айтылым дағдысын жаттықтырады. 

Платформада деңгейге сәйкес іріктелген және бейімделген мәтіндердің болуы тіл үйренушінің өз деңгейіне сай материалдарменжұмыс істеуіне жағдай туғызады.

Жасанды интеллектіні тіл үйретуде қолдану өте тиімді. Дегенмен де оның дұрыс жұмыс істеуіқолданылатын технологиялардың сапасына және тілдік деректердің жеткіліктілігіне тікелей байланысты болады. Жүйе (өзінің қазіргі деңгейінде) арагідік қате түсініктеме беруі немесе қазақ тілінің ерекшеліктерін толық ескермеуі мүмкін. Сондықтан ЖИ ұсынған кері байланысты маманның бақылауымен қолдану қажет. Әсіресе корпустық лингвистика, лексикография және салыстырмалы грамматика сияқты күрделі салаларда тілдің табиғи қолданысын, астарлы мағынасы мен грамматикалық заңдылықтарын жүйе әрдайым бірдей дәлдікпен қамти алмауы мүмкін. Сол себепті жасанды интеллект көмекші құрал ретінде жұмысты жылдамдатуға, бастапқы нұсқаны дайындауға, мәтінді өңдеуге септігін тигізгенімен, соңғы шешім мен сараптама әрқашан білікті лингвист-зерттеуші маманның қолында болуы тиіс.

Сол сияқты ЖИ – тіл үйренушілердің күнделікті жаттығуына және тез кері байланыс алуына таптырмас құрал. Дегенмен бұл ЖИ педагогтің орнын толығымен баса алады дегенді білдірмейді. Осы платформада ЖИ көмекші құрал ретінде қызмет атқарады. Оның қызметін қадағалау және басқару педагогтің еншісінде.

Елімай Шынатай, Нұрсәуле Рсалиева
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты