Тұман, көктайғақ және қатты жел: 27 қазанда ауа райы қандай болады?
27 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Дегенмен бірқатар өңірде тұман түсіп, көктайғақ болады, жел күшейеді. Бұл туралы «Қазгидромет» болжамына сілтеме жасап Oimaqnews хабарлады.
Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде түнде жаңбыр мен қар аралас аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының кей аудандарында тұман күтіледі.
Жетісу облысындағы Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін жетеді. Қызылорда облысының шығысы мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғып, жел секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Астанада жауын-шашын болмайды, түнде және таңертең тұман түседі. Ауа температурасы түнде –1…–3, күндіз +8…+10 градус болады.
Алматыда да жауын-шашын күтілмейді. Түнде –1…–3 градусқа дейін суытып, күндіз +11…+13 градусқа дейін жылынады.
Батыста күн жылырақ болады: Атырауда күндіз +16…+18, Ақтауда +15…+17 градус болжанып отыр. Ал Өскеменде күндізгі температура +3…+5 градус шамасында болады.