Қазақстанда бес жылда мыңнан астам медициналық мекеме ашылды
Қазақстанда соңғы бес жылда 1 003 медициналық мекеме пайдалануға берілді.
Ал 2025 жылдың қорытындысында дәрігер тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға, ауылдық жерлерде 28,3 пайызға азайған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ашылған нысандардың қатарында 10 аурухана, 14 емхана, 967 дәрігерлік амбулатория мен медициналық пункт бар. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске қосылған. Сонымен бірге ғылыми медициналық орталықтар және өзге де денсаулық сақтау ұйымдары ашылды.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың шамамен 84 мыңы – дәрігер, 196 мыңға жуығы – орта буын медицина маманы. Жалпы практика дәрігерлері, терапевтер, педиатрлар, кардиологтар, хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтарға сұраныс сақталып отыр.
Мамандарды өңірлерге тарту үшін әлеуметтік қолдау көрсетілуде. 2025 жылы осындай шаралармен 1 760 дәрігер қамтылып, 727 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Ауылда кемінде бес жыл жұмыс істеу шартымен тапшы мамандықтар бойынша келген 529 дәрігерге 8,5 млн теңгеден біржолғы жәрдемақы төленді.
Медициналық кадрларды даярлау кезінде өңірлердің нақты қажеттілігін ескеру көзделген. Білім беру гранттарын бөлу барысында маман тапшылығы, халық саны және сырқаттанушылық көрсеткіштері назарға алынады.