Францияда жойғыш ұшақ апатқа ұшырап, экипаж мүшесінің денесі табылды
Францияда тапсырманы орындап қайтып келе жатқан Mirage 2000D жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Апат болған жерден экипаждың бір мүшесінің денесі табылды.
Франция әскери-әуе күштерінің Mirage 2000D жойғыш ұшағы Мерт-и-Мозель департаментіндегі Рожевиль ауданында апатқа ұшырады. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты, екіншісінің тағдыры әзірге белгісіз. Бұл туралы "Известия" Le Monde басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Францияның әскери-әуе және ғарыш күштерінің мәліметінше, сейсенбі, 20 қыркүйекте, Нанси-Оше 133-әуе базасының Mirage 2000D ұшағы тапсырманы орындап қайтып келе жатқанда апатқа ұшырады", - делінген жарияланымда.
Оқиға орнынан экипаж мүшесінің денесі табылды, оның аты-жөні әзірге анықталған жоқ. Екінші әскери қызметші – ұшқышты немесе қару-жарақ жүйесінің операторын іздеу жұмыстары жалғасуда.
Ұшақ 2/3 "Шампань" жойғыш эскадрильясына тиесілі болған. Апаттың себептерін анықтау үшін ұшу қауіпсіздігі саласындағы тергеу және сот ісі басталды.
Понт-а-Муссон мэрі Анри Лемойның сөзінше, ұшақтың сынықтары дронның көмегімен табылды. Рожевиль мэрі Паскаль Дойоттың айтуынша, куәгерлер қатты жарылысты естіп, отты шарды көрген.
Іздеу операциясына Мерт-и-Мозель департаментінің өрт сөндіру және құтқару қызметтері, әскери-әуе күштерінің мамандары мен жандармерия жұмылдырылды. Егістік пен орманды қамтитын аумақты тікұшақпен де тексеріп жатыр.