Тоқаев Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрі Хун Манетпен шағын құрамда келіссөз жүргізіп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтау қажет екенін айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы Хун Манеттің сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін Камбоджа премьер-министрлері Қазақстанға келмеген.
Президент қазақстандықтардың Камбоджаға барып, елдің көрікті жерлерімен танысуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Осыған байланысты тікелей әуе қатынасын ашумен қатар, гуманитарлық байланыстарды жандандырудың маңызына тоқталды.
Хун Манет Қазақстанға шақырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жылдан асқанын атап өтті. Ол энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанның электронды үкіметті дамытудағы жетістіктеріне де назар аударды. Оның сөзінше, Камбоджаның тиісті министрліктері осы бағытта тәжірибе алмасуға мүдделі.
Келіссөз барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.