Әлеумет

Отбасының әл-ауқатын eGov Mobile арқылы бағалауға болады

eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған калькулятор іске қосылды. Жаңа сервис азаматтарға бағалау талаптарымен танысып, өз отбасының жағдайын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Сервис 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік көмектің кейбір түрлерін отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында әзірленген.

Есептеу кезінде отбасының табысы мен мүлкінен бөлек, оның құрамы, балалардың, қарттардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі. Бағалау алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке сүйенеді.

Министрліктің түсіндіруінше, калькулятор азаматтың өзі енгізген мәліметтер негізінде есеп жүргізеді. Оның нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие және әлеуметтік төлем тағайындауға немесе оны тоқтатуға негіз болмайды.