сәрсенбі, 14 қазан, 2026 12:26

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Миланда инклюзивті сән журналын жарыққа шығарған қазақ стилисі

Миланда инклюзивті сән журналын жарыққа шығарған қазақ стилисі
Фото: инстаграм: mauri_magazine
Қазақстандық стилист әрі креативті директор Иулианна Шилова Италияның Милан қаласында MAURI Magazine атты тәуелсіз халықаралық сән журналын шығарды. Басылымның басты ерекшелігі – мүгедектігі бар және нейроерекшелігі бар адамдардың шығармашылығын кеңінен таныстырып, олардың сән индустриясындағы мүмкіндіктерін көрсету.

Сән, өнер және адам тағдырын тоғыстырған жаңа басылымның алғашқы саны Issue 00 деген атаумен жарық көрді. Көлемі 200 беттен асатын журналға 48 мақала мен алты сән фотосессиясы енген. Оны әзірлеуге Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америка елдерінен 40-қа жуық автор мен шығармашылық сала өкілі атсалысқан. Журналдың алғашқы баспа таралымы 100 дананы құрады.

MAURI Magazine журналының тағы бір ерекшелігі – редакция құрамының түгелдей мүгедектігі бар және нейроерекшелігі бар әйелдерден жасақталуы. Осы арқылы жоба авторлары инклюзияны сөз жүзінде насихаттаумен шектелмей, ерекше қажеттіліктері бар жандардың шығармашылық үдеріске тікелей араласуына мүмкіндік беруді көздейді.

Томирис бейнесіндегі қайсарлық

Басылымның алғашқы санына қазақстандық өнер иелері де қатысқан. Атап айтқанда, журнал мұқабасына Астанада тұратын, Даун синдромы бар суретші Нонна Мұхамеджанованың бейнесі таңдалған. Ол фотосессия барысында сақ патшайымы Томиристің образын сомдаған. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Томирис бейнесі арқылы журнал авторлары әйел қайсарлығын, еркіндік пен тәуелсіздік идеясын жеткізуді мақсат еткен.

Журнал беттерінде мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығына қолдау көрсететін қазақстандық Harmony Fund қоры суретшілерінің еңбектері де жарияланған. Сонымен қатар басылым кейіпкерлерінің қатарында Миланда тұратын қазақстандық модель Роксолана Притеева бар. Ол Крон ауруымен өмір сүреді. Жоба авторларының айтуынша, алғашқы нөмірдегі сән фотосессияларына қатысқан модельдердің барлығы – мүгедектігі бар адамдар. Осылайша журнал сән әлеміндегі қалыптасқан түсініктерге жаңаша көзқарас ұсынып, сұлулықтың белгілі бір өлшеммен шектелмейтінін көрсетуді көздейді.

Сәнге әркімнің қосар үлесі бар

MAURI Magazine журналының негізін қалаушы Иулианна Шилова – қазақстандық стилист әрі креативті директор. Оған аутизм диагнозы қойылған. Жоба командасының мәліметінше, оның шығармашылық жұмыстары бұған дейін әлемге танымал ELLE, L’Officiel және Harper’s Bazaar басылымдарында жарияланған. Журнал шығару идеясының қалыптасуына Иулианнаның жеке өмірлік тәжірибесімен қатар, мүгедектігі бар адамдармен бес жылдан астам уақыт бойы жүргізген еріктілік қызметі де ықпал еткен.

«Мен үшін мүгедектігі бар адамдардың инклюзия туралы материалдардың кейіпкері болып қана қалмағаны маңызды. Олар осындай оқиғаларды өздері баяндап, шығармашылықпен айналысуға және сән индустриясының қалыптасуына тікелей қатысуға мүмкіндік алуға тиіс», – дейді Иулианна Шилова.

Оның бұл ұстанымы журналдың мазмұнынан ғана емес, редакциялық жұмыс жүйесінен де көрініс тапқан. Жоба мүгедектігі бар адамдарды сән әлемінің сырттай бақылаушысы емес, оның толыққанды қатысушысы әрі жаңа бағыттарын қалыптастыратын шығармашылық тұлға ретінде танытуды мақсат етеді.

Инклюзияға жол ашқан басылым

Журнал ресми түрде жарыққа шыққанға дейін Миланда өткен тәуелсіз журналдар мен баспа басылымдарына арналған Mag to Mag Festival фестивалінде таныстырылған.

Ал 2026 жылдың қыркүйегінде MAURI командасы алғаш рет 2027 жылғы көктем-жаз маусымына арналған Милан сән апталығына қатысты. Журнал өкілдері сән көрсетілімдерін ақпараттық тұрғыдан қамтып, индустрия мамандарымен байланыс орнатқан. Алдағы уақытта басылым командасы журналдың қолжетімділігін арттыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, материалдарды экраннан оқуға арналған арнайы бағдарламаларға бейімдеу және аудионұсқаларын әзірлеу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл көру қабілеті бұзылған адамдардың да журнал мазмұнымен танысуына жол ашпақ.

Миланда жарық көрген MAURI Magazine – сән мен өнер арқылы қоғамдағы инклюзия мәселесіне назар аударуды көздейтін халықаралық бастама. Қазақстандық стилист негізін қалаған бұл жоба мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, олардың сән индустриясында өз орнын табуына мүмкіндік беруді мақсат етеді. Ең бастысы, жаңа басылым сән әлемінде сұлулықтың сан алуан болатынын, ал шығармашылыққа адамның физикалық немесе неврологиялық ерекшеліктері шектеу болмауға тиіс екенін көрсетуді көздейді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар