Қоғам

Анасымен жұмысқа бірге барған: Көкшетауда құдыққа құлаған балаға қатысты деректер пайда болды

Үйінде қалдыратын ешкім болмаған.

Көкшетауда 4 жасар бала жаңбыр суы толған құдыққа құлап мерт болды. Анасы еден жуушы болып жұмысқа шыққанына бір күн болған. Жалғыз ұлын қалдыратын ешкім болмаған соң, өзімен ерте келіпті. Артынша көз жазып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Отыз жас шамасындағы келіншек ірімшік дүкеніне жұмысқа тұрмақ болған. Дүкен иесі алдымен оның қалай жұмыс істейтінін байқамақ болыпты. Жалғызбасты ана ұлын қалдыратын ешкім болмаған соң, өзімен бірге ерте келген. Кейін ойын баласынан көз жазып қалған. Төрт жасар бала дүкен маңындағы әкімшілік ғимаратының артына келген.

Бұл жерде тереңдігі екі метр лифт шахтасына жаңбыр суы толып тұрған. Бүлдіршін осы жерге келіп мерт болған.  Бүлдіршіннің психикалық дамуы тежелген екен. Оның денесі араға үш сағат салып табылған. Бала бұған дейін мемлекеттік балабақшаға барып жүрген. Алайда анасы ақшасын төлей алмай қарызданып қалған соң, анасы өзімен алып жүрген, дейді танитындар. Полиция қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап, тиісті тексеру жүргізіп жатыр.

Су толы құдықтың ашық қалуына кім кінәлі екені тергеуде анықталмақ. Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, анасының жағдайы тым қиын, жалақысы аз, асыраушысы жоқ болса, бүлдіршін балабақшаға тегін бара алады, тек тиісті құжаттарын жинау керек еді, дейді.

Еріктілер қара жамылған анасына перзентін жерлеуге 4 миллион теңге аударған.