АҚШ Microsoft пен Adobe қызметкерлеріне грин-карта рәсімдеу процесін тоқтатты
АҚШ әкімшілігі Microsoft, Adobe және бірқатар ірі IT-компанияның шетелдік қызметкерлеріне грин-карта рәсімдеуге қажетті еңбек сертификаттарын беру процесін тоқтатты.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Сонымен қатар Harvard, Yale және Stanford университеттерін қоса алғанда, тоғыз жоғары оқу орнында визалық бағдарламалардың ықтимал теріс пайдаланылуына қатысты тексеру басталды.
Шешім жұмысқа орналасу арқылы АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат алудың негізгі кезеңдерінің бірі – PERM бағдарламасына қатысты. Бұл рәсім бойынша жұмыс беруші шетелдік маманды жалдау америкалық қызметкерлердің жалақысы мен жұмыс мүмкіндігіне кері әсер етпейтінін дәлелдеуге тиіс.
АҚШ еңбек министрі Кит Сондерлингтің айтуынша, аталған компанияларға қатысты жаңа өтініштер қабылданбайды, ал қаралып жатқан өтініштерді өңдеу тоқтатылады. Шектеу Cognizant, Infosys, Tata Consultancy Services, Wipro, HCL Technologies және Capgemini компанияларын да қамтиды.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс шараның нақты аяқталу мерзімін атаған жоқ. Оның сөзінше, шектеу компаниялар қызметкерлерді жалдау тәжірибесін өзгерткенге дейін сақталуы мүмкін.
Вэнс Microsoft былтыр 6 мың америкалық қызметкерді қысқартқанымен, 6 300 H-1B жұмыс визасы мен шамамен 3 мың грин-карта алғанын мәлімдеді. Ол кейбір компаниялар бос жұмыс орындары туралы тиімсіз хабарландыру жариялап, кейін үміткерлердің аздығын шетелдік мамандарды жалдауға негіз ретінде пайдаланатынын айтты.
Microsoft өз кезегінде өткен қаржы жылындағы H-1B өтініштерінің шамамен 80%-ы жаңа қызметкерлерді жұмысқа алуға емес, қазіргі қызметкерлердің мәртебесін ұзартуға немесе өзгертуге қатысты болғанын хабарлады. Компания бірдей жұмыс атқаратын шетелдік және өзге қызметкерлерге тең еңбекақы төлейтінін де атап өтті.
Университеттерге қатысты тексеру аясында билік алмасу бағдарламалары бойынша берілетін визалардың америкалық қызметкерлердің еңбекақысын төмендету үшін пайдаланылған-пайдаланылмағанын анықтамақ. Тергеушілер шетелдік ықпал, қаржылық байланыстар мен визалық талаптардың бұзылуы федералдық бюджеттен қаржыландырылатын зерттеулерге әсер еткенін де тексереді.
Бұл шаралар Дональд Трамп әкімшілігінің еңбек көші-қонына бақылауды күшейту саясаты аясында қабылданды. Бұған дейін шетелден жалданатын қызметкерлерге арналған жаңа H-1B өтініштеріне бір реттік 100 мың доллар алым енгізілген.