Сыр өңірінің үздік ұстаздарына құрмет көрсетілді
Бұл туралы Қызылорда облысы баспасөз қызметі мәлім етті.
Бүгін Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – қанат, шәкірт – қауырсын» атты салтанатты шара өтті.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, аймақ дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Жиында Сыр елінің үлгілі ұстаздарына «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» медальдары табысталды.

Сонымен қатар, бірқатар ұстаз «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, «Орта білім беру ісінің үздігі», «Қосымша білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломдарымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шарада еңбегімен көзге түсіп, шәкіртімен бірге білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға Сарыағаш шипажайына жолдама берілді.
Салтанатты кеш жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Бүгінгі мерекеге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ ұстазды Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Салтанатты қабылдауда Сыр өңірінің ұстаздары да құрметке бөленді. Атап айтқанда, Қазалы ауданы Б.Мергенбаев атындағы №226 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирамкүл Жөлекеш, Жалағаш ауданы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Ғалымжан Нұрмахатов «Ерен еңбегі үшін» медалін алды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірдің білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Кейінгі төрт жылда салаға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлініп, 123 млрд теңгеге 46 білім беру нысаны жаңадан салынды. Президенттің бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп пайдалануға берілді.