Саясат

Халық Кеңесі комитетінің бірінші отырысы өтті

Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті.

Онда Мемлекет басшысының азаматтық қоғам институттарына жүктеген міндеттерін іске асыру мәселелері қаралды. Негізгі күн тәртібін талқылауға Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты. 

Отырыс барысында Халық Кеңесінің мүшелері өңірлік даму және кәсіпкерлікті қолдау, экология және әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі салалық комиссияларға бөлінді. Сондай-ақ отырыстың күн тәртібіне Комитет қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселелері енгізіліп, салалық комиссиялардың ережелері бекітілді және жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды.

Осы бағытта Комитет төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Мемлекет басшысы бастамашы болған жалпыұлттық реформаларды іске асырудағы Халық Кеңесінің ерекше рөліне тоқталды. Ең алдымен, атап өтілгендей, қоғамдық кеңестермен жұмысты өзара үйлестіруге баса назар аударылмақ.  

Сараптамалық талқылау мен пікір алмасу барысында қатысушылар бірқатар бастама мен ұсынысты ортаға салды. Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» экология мәселесін практикалық тұрғыда іске асыруда Қазақстан Халық Кеңесінің маңызды рөл атқаратынына мән берді.

Өз кезегінде, «ECO Network» жобасының негізін қалаушы, EN Social қоғамдық қорының директоры Евгений Мухамеджанов жаңа Конституцияның құрылымы анағұрлым айқын екенін және мемлекетті дамытудың өзекті бағдарларын көрсететініне назар аударды. Ол маңызды өзгерістердің бірі ретінде экологиялық мәдениеттің ерекше мәртебесінің бекітілуін атап, оны қалыптастыру қажеттігін айтты. Осы мақсатта Халық Кеңесінің мүшесі бірқатар нақты шара ұсынып, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.

Экономикалық даму тақырыбын Нұртай Сабильянов жалғастырып, өңірлердің әлеуетін арттырудың негізі ретінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын жүйелі түрде күшейту мәселесін көтерді.

Комитет отырысында атап өтілгендей, келіп түскен бастамалар, оның ішінде экологиялық жобалар, ауылдық аумақтарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары оларды іске асыру және салалық мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысты үйлестіру жөніндегі қорытынды жоспарға енгізілетін болады.