Рано Сәулебекова: Ұстаз бақыты – шәкіртінің жетістігі
Ұстаз – баланың бойындағы қабілетті танып, білімге құштарлығын оятатын, өмірге алғашқы қадамын нық басуына көмектесетін жан. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімінің мейірімі мен қолдауы баланың мектепке деген ықыласын қалыптастырып, өзіне сенуіне жол ашады. Мұғалімдер күніне орай жиырма жылдан астам уақытын шәкірт тәрбиесіне арнаған бастауыш сынып мұғалімі Рано Сәулебековамен әңгімелестік. Ол бала жүрегіне жол табудың сыры және ата-анамен өзара түсіністіктің маңызы туралы ой бөлісті. Шәкіртінің жетістігін өз бақытына балайтын ұстаздың әңгімесінен мамандығына деген сүйіспеншілігі мен балаға деген мейірімі сезіледі.
– Мектеп табалдырығын алғаш рет мұғалім болып аттаған күніңіз есіңізде ме? Сол кездегі жас маманның бойындағы қорқыныш пен үміт қандай еді?
– Әрине, есімде. Мектеп табалдырығын мұғалім болып алғаш аттаған күні қатты қобалжыдым. «Балалармен тіл табыса аламын ба? Білгенімді түсінікті жеткізе аламын ба?» деген ойлар мазалады. Бірақ сол қобалжумен қатар бойымда үлкен үміт те болды. Балалардың көңілінен шығып, жақсы мұғалім болсам екен деген ақ тілек бәрінен басым еді.
– 20 жылдан астам уақыт ішінде «Басқа салаға кетсем бе еді…» деген өкініш немесе шаршау сезімі болды ма? Сізді осы жолда ұстап тұрған басты күш не?
– Осы жылдар ішінде шаршаған кездерім болды. Бірақ шәкірттерімнің жетістігі мен шынайы алғысы, ұстаздыққа деген махаббатым маған әрдайым күш береді. Сыныпқа кіріп, оқушыларымды көрген сәтте шаршағанымды ұмытып кетемін. Мөлдіреген көздерінен білсем, үйренсем деген құштарлықты байқаймын. Олардың маған сеніммен қарап, әр сөзімді ықыласпен тыңдауы өз ісімнің қадірін сезіндіреді. Мені осы жолда ұстап тұрған басты күш те — сол сенім.
– Тәжірибеңізде мектепке келген балалардың психологиясы қалай өзгерді?
– Бұл уақытта шынымен балалардың ойлау жүйесі мен өздерін ұстауында айтарлықтай өзгеріс бар екенін байқадым. Қазіргі оқушылар еркін ойлайды, өз пікірін ашық айтып, сұрақ қоюдан тартынбайды. Ақпаратты да тез қабылдайды. Сондықтан мұғалімге де үнемі ізденіп, білімін жаңартып отыру қажет. Әр баланың мінезін, қызығушылығын түсініп, онымен тіл табыса білу маңызды. Баланың ойын тыңдап, пікіріне құрметпен қарасаңыз, ол да сізге сеніммен қарайды.

– Әр баланың өз мінезі, өз «құлыптаулы есігі» бар. «Қиын» немесе тұйық баланың жүрегіне кілтті қалай табасыз?
– Әр балаға жеке жол табуға тырысамын. Ең алдымен, оны тыңдап, не сезініп жүргенін түсінуге ұмтыламын. Тәжірибемде тұйық, ойын ашық айтуға қиналатын балалар кездеседі. Мұндайда баланы бірден сөйлетуге асықпай, қай кезде қысылатынын, неге алаңдайтынын байқауға тырысамын. Қызығушылығын біліп, әңгімеге сол арқылы тартамын. Кішкентай жетістігін де байқап, қолдап отырсаң, бала біртіндеп ашыла бастайды. Бала өзін тыңдайтыныңды, түсінуге дайын екеніңді сезінгенде ғана саған сенеді. Жүрегіне жол табудың кілті де — сол сенім мен шыдамдылық.
– Тәжірибелі мұғалім ретінде білім беру жүйесіндегі сан түрлі реформаларды бастан өткердіңіз. Сіздіңше, мектептен ешқашан жоғалмауы тиіс ең басты құндылық не?
– Меніңше, мектептен ешқашан жоғалмауы тиіс ең басты құндылық — адамгершілік, ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара құрмет пен сыйластық. Оқу бағдарламалары жаңарып, оқыту тәсілдері мен технологиялар өзгеруі мүмкін. Бірақ баланы түсіну, оған мейіріммен қарау, бойына жақсы қасиеттер сіңіру қай кезде де маңызды. Мектепте бала білім алумен бірге адамдармен қарым-қатынас жасауды, өзгені сыйлауды, жауапкершілікті үйренеді. Сондықтан қандай реформа болса да, тәрбиенің осы өзегі сақталуға тиіс.
– Қазіргі ата-аналармен тіл табысу қаншалықты қиын? Мұғалім, бала және ата-ана — осы үштік одақтың берік болу сыры неде?
– Өзара түсіністік болса, ата-аналармен тіл табысу қиын емес. Қазір оқушыларымның ата-аналарымен жақсы қарым-қатынастамын. Баланың оқуына, мінез-құлқына қатысты мәселелерді бірге талқылап, шешімін бірлесе іздейміз. Мұғалім де, ата-ана да баланың жақсы білім алып, тәрбиелі болып өскенін қалайды. Осы ортақ мақсатты ұмытпай, бір-бірімізді тыңдап, қолдай білсек, нәтиже де жақсы болады. Үштік одақтың беріктігі өзара сенімге, ашық әңгімеге және баланың өз пікірін де ескеруге байланысты деп ойлаймын.
– «Мұғалім бақыты» дегенді қалай түсінесіз?
– Мұғалім бақыты — шәкіртінің жетістігін көру, еңбегінің жемісін сезіну. Кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған баланың есейіп, өмірден өз орнын тапқанын көру — ұстаз үшін үлкен қуаныш. Оның әр жетістігіне қуанып, «осы баланың өсуіне менің де үлесім тиді» деп іштей марқаясың. Аллаға шүкір, мен өзімді бақытты ұстазбын деп айта аламын. Шәкірттерімнің ықыласы мен алғысы, алға басқан әр қадамы осы сезімді нығайта түседі.
- Әңгімеңізге көп рақмет!
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ