сәрсенбі, 30 қыркүйек, 2026 16:10

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Бүгін – аудармашылар күні

Бүгін – аудармашылар күні
Фото: oimaqnews.kz
Технология жаңарса да, аудармаға талғам керек

Осыған орай кеше Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Халықаралық аудармашылар күніне арналған кездесу өткізді. Сала мамандары жасанды интеллектінің аудармаға ықпалын, қазақша мәтіннің табиғилығы мен сапасын сақтау мәселелерін талқылады.

Қоғам президенті Рауан Кенжеханұлы аудармашыларды кәсіби мерекемен құттықтап, әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етудегі және ұлттық мұраны әлемге танытудағы аударманың маңызына тоқталды.

– Аударма – тілдің мүмкіндігін кеңейтетін үлкен интеллектуалдық еңбек. Бүгінде бұл саланың келбеті өзгеріп келеді. Бұрын аудармашының негізгі құралдарының бірі сөздік болса, қазір оған цифрлық платформалар мен жасанды интеллект қосылды. Бірақ технология аудармашының маңызын төмендетпейді. Керісінше, тілдің табиғатын сезіну, мәдени контексті сақтау, мәтіннің сапасы мен мағынасын бағалау бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан жаңа технологияларды қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуге және аударма сапасын арттыруға пайдалануымыз керек, – деді ол.

Ұлттық аударма бюросының аудармашы-редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD Гүлшат Түсіпова жасанды интеллектінің зерттеу үдерісіндегі мүмкіндіктері туралы баяндады. Ол қазақша аударма жүйелерін жетілдіру үшін сапалы деректер қорын көбейтудің маңызын атап өтті.

– Бірінші кезекте калькамен күресіп, арнайы ережелер қорын қалыптастыру маңызды. Одан кейін терминологиялық базаны жүйелеу және синтаксистік сәйкестікті реттеу, – деді маман.

Филолог, аудармашы, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек қазақша мәтіннің табиғилығын сақтау және тілдің өзіндік құрылымын ескеру мәселесін көтерді.

– Калька әрдайым бірден байқала бермейді. Кейбір сөздер мен тіркестер уақыт өте келе тілдің қалыпты элементіндей көрінуі мүмкін. Сондықтан оны тану үшін тек сөздің сыртқы формасына емес, оның жасалу тәсіліне, мағынасына және сөйлемдегі қызметіне назар аудару қажет, – деді ол.

Disney және Amazon компанияларының сертификатталған аудармашысы, аударма сапасын бақылау маманы Нұрдәулет Затилла қазақша дубляж бен субтитр әзірлеудің ерекшеліктерін түсіндірді.

– Қазақ және ағылшын тілдерінің сөйлем құрау жүйесі әртүрлі болғандықтан, түпнұсқа құрылымды сол күйінде көшіру үнемі дұрыс нәтиже бере бермейді. Ал субтитрде уақыт шектеулі: көрермен келесі кадрға дейін мәтінді оқып үлгеруі керек. Сондықтан аудармашы ойды барынша ықшам, нақты әрі табиғи жеткізуге ұмтылады, – деді ол.

Қазақстандағы Польша Елшілігінің сенімді өкілі, дипломат әрі шығыстанушы-ғалым Михал Лабенда дипломатиялық аудармадағы кәсіби жауапкершілік туралы ой бөлісті.

– Аудармашы қаншалықты кәсіби болғанымен, қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан аударма сапасына жауапкершілік тек маманға жүктелмеуі керек. Тапсырыс беруші дайын мәтінді тексеріп, жұмыстың алдында аудармашыға тақырыптың мән-жайын түсіндіріп, қажетті терминдер мен сөздердің тізімін, яғни глоссарийді ұсынғаны жөн, – деді дипломат.

Кездесуден кейін Назгүл Қожабек «Қазіргі аудармадағы грамматика мәселелері» тақырыбында практикалық сабақ өткізді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар