Алайда спорттық жүрістен Ясмина Тоқсанбаева алған алтын медаль әзірге есепке енгізілген жоқ. Оның жарыста пайдаланған аяқ киіміне қатысты наразылық түсіп, мәселені Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қарап жатыр.
27 қыркүйектегі жарыстардан кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 40 медаль бар: 9 алтын, 10 күміс және 21 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан бесінші орында тұр.
Токсанбаева марафондық қашықтықтағы спорттық жүрісте бірінші болып мәреге жеткен. Алайда оның аяқ киімінің World Athletics талаптарына сәйкестігіне қатысты мәселе туындаған. Федерация тексеру қорытындысы бойынша шешім қабылдайды.
Ал 27 қыркүйекте Қазақстан құрамасы семсерлесуден командалық жарыста алтын медаль иеленді. Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов финалда Оңтүстік Корея құрамасын 43:42 есебімен жеңді.
Күміс медальдарды жеңіл атлет Нора Джеруто мен ауыр атлет Аянат Жұмағали жеңіп алды. Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 9:06,82 нәтижесін көрсетсе, Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақта қос сайыстың қорытындысында 246 келі көтерді.
Батут гимнастикасында Ерлан Тасмағамбетов, ал көркем жүзуден Наргиза Болатова мен Ясмин Туякова қола жүлдеге ие болды.
Бұдан бөлек, бокстан Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта жартылай финалға шығып, Қазақстанға кемінде қола медальды қамтамасыз етті. Ерлер арасындағы су добынан Қазақстан құрамасы Гонконгты 29:15 есебімен жеңіп, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





