Шәкір Кейкин Атырау қаласы әкімі лауазымынан кетті
Бұл ақпаратты Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады
Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі лауазымынан өз еркімен арыз жазып, қызметінен кетті. Бұл ақпаратты Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Шаһарды 2023 жылдың шілде айынан бері басқарып келген Шәкір Кейкиннің орнына кімнің тағайындалатыны әзірге белгісіз. Оның қызметтен кетуі қала басшылығының айналасындағы бірнеше даулы оқиғалар аясында орын алды.
Соңғы айларда Атырау тұрғындары ауа сапасының нашарлауына жиі шағымданған еді. Сонымен қатар, жаз айларында әкімнің орынбасары Мейіржан Мұқасов пен әкімнің міндетін атқарушы Тілек Махуовтың ұсталғаны белгілі болған. Қазіргі таңда бұл эпизодтар бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, аталған қылмыстық істерде Шәкір Кейкин күдікті ретінде тіркелген жоқ.