Қазақстандықтар Таиландта қанша күн визасыз жүре алады
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі мәлім етті.
Қазақстан азаматтары Таиланд Корольдігіне кірген сәттен бастап елде 60 күннің орнына 30 күнге дейін ғана визасыз жүре алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.. сайтына сілтеме жасап.
Жаңа тәртіпке сәйкес, енді екі ел үкіметтері арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің нормалары қолданылады.
Осы өзгерістерге байланысты Таиландқа сапар жоспарлаған қазақстандықтарға жаңа миграциялық режимді ескеру ұсынылады. Егер саяхат мерзімі 30 күннен асатын болса, азаматтар алдын ала тиісті виза рәсімдеуі қажет. Таиланд Министрлер кабинеті бекіткен бұл шешім 15 қыркүйекте күшіне енеді.
Айта кетейік, биылғы мамыр айында Таиландтың Сыртқы істер министрі Сихасак Фуангкеткеоу шетелдіктердің визасыз жүру мерзімін қысқарту жоспарын хабарлаған болатын. Ведомство басшысы бұл қадамды бақылауды күшейту және режимді заңсыз пайдаланудың алдын алу қажеттілігімен түсіндірді. Оның сөзінше, тиісті ұсыныс бұрынғы әкімшілік тұсында дайындалғанымен, елдегі сайлауға байланысты кейінге шегерілген еді.