Құлсарыдағы жаңа мектепке тротуар салынбаған
Құлсарыдағы Атырау ықшамауданының тұрғындары №26 мектепке баратын жолда жаяу жүргіншілерге арналған тротуар жоқ екенін айтып, мәселе көтерді.
Жаңа оқу жылы басталғанымен, оқушылар мектепке жету үшін көлік жүретін жолмен жүруге мәжбүр. Жаңбырлы күндері жағдай тіпті қиындап, балалар жол жиегіндегі батпақ пен шалшықты айналып өту үшін жүргін бөлікке шығады. Тұрғындардың сөзінше, ықшамаудандағы көпқабатты үйлердің маңында да тротуар қарастырылмаған. Соның салдарынан бұл жолмен балалармен қатар ересектер, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі тұрғындар да көліктермен қатар жүріп өтеді. Тұрғындар жауапты органдардан №26 мектепке апаратын бағытқа қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолын салуды сұрап отыр.