Аяш Қабдоллаева, садақ атудан жеңімпаз: Садақ атуды келінімнен үйрендім
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында садақ атудан алтын алған Аяш ханым үшін бұл жеңістің орны бөлек. Спортқа кейінірек келсе де, аз уақыт ішінде үлкен додада топ жарып үлгерді. Оның айтуынша, садақ ату мергендіктен бөлек сабыр мен ішкі жинақылықты талап етеді. Бапкері – келіні Ажар Рахметқызы. Біз жеңімпазбен спортқа келу жолы, жарыстағы толғаныс пен жеңістің мәні туралы әңгімелестік.
– Аяш ханым, алтын медаль құтты болсын! Садақ атумен қашаннан бастап айналыса бастадыңыз?
– Садақ атумен 2024 жылдан бастап айналысамын. Бұл спортқа қызығушылығым бұрыннан болғанымен, кәсіби түрде жаттығуға мүмкіндік кейін туды.
– Садақ атуға келініңіз себепші болғанын айтып жүрсіз. Алғашқы ұсыныс кімнен шықты?
– Негізі, садақ атуға келінім себепші болды. Бірақ менің екі бапкерім бар: біріншісі – жолдасым, екіншісі – келінім. Көбірек дайындайтын да – жолдасым. Келінім үйге келген кезде-ақ садақ атуға бірден қызықтым. Бірақ ол уақытта немерелер дүниеге келіп, мүмкіндік бола бермеді. Кейін балалар есейе бастаған соң өзім де үйренуге кірістім.
– Көшпенділер ойындарына жолдаманы қалай алдыңыз? Қандай нысана бойынша бақ сынадыңыз?
– Көшпенділер ойындарына қатысу үшін жазда ұлттық құрама мүшелері арасында «Чемпиондар лигасы» өтті. Сол жарыста екінші орын алып, Көшпенділер ойындарына жолдама жеңіп алдым.
Бұл жолы жарыс екі нысана бойынша өтті. Біріншісі – 40 метр қашықтықтағы «Орта Азия» нысанасы. Екіншісі – 60 метрден атылатын «Пута» нысанасы. Мен 60 метрлік «Пута» нысанасы бойынша бірінші орын алдым.

– Жарыста кімдерді ең мықты қарсылас деп санадыңыз? Ел үміт артып отырған сәттегі ішкі күйіңіз қандай болды?
– Көшпенділер ойындарына келген спортшылардың бәрі іріктеуден өткен мықтылар ғой. Қырғызстан, Ресей, Малайзия және басқа да елдерден өте мықты садақшылар қатысты.
Еліміз үлкен үміт артып отырған соң жеңіске жету оңай болған жоқ. Бар жан-тәніммен күрестім десем артық емес. Ішкі сезімім де алай-дүлей болды.
Негізі садақ атуда ең бірінші қарсыласың – өзің. Өзіңді бір қалыпта ұстап тұру өте қиын. Әсіресе жүрек тыныштығын сақтау оңай емес. Мұны садақшылар жақсы түсінеді. Сондықтан жарыста қарсыластан бұрын өзіңді жеңуің керек.

– Бұған дейін мектепте мұғалім болған екенсіз. Қазір қай салада еңбек етесіз? Көшпенділер ойындары оқу жылының басталуымен қатар келуі қиындық туғызған жоқ па?
– Бұған дейін мектепте мұғалім болып қызмет еттім. Қазір Балалар шығармашылық үйінде жұмыс істеймін, қолөнер үйірмесін жүргіземін.
Жұмыстағы басшым Жанна Исмагулова – түсінігі мол адам. Ел намысын қорғап жүргенімізді жақсы түсінеді, қолдау көрсетеді. Сондықтан жарысқа дайындалуға да, қатысуға да мүмкіндік болды.
– Үйде келініңізбен қарым-қатынастарыңыз қандай? Ал спорт алаңында ол сіздің келініңіз бе, әлде бапкеріңіз бе?
– Біз келінім екеуіміз ене мен келіннен гөрі ана мен қыз сияқты араласамыз. Ол – менің жалғыз келінім. Өте ақылды, еңбекқор. Мені «мама» деп қатты сыйлайды.
Ал спортта, әрине, қарым-қатынас өзгереді. Жаттығу мен жарыс кезінде ол – бапкер, мен – спортшымын. Сол кезде туыстықтан гөрі тәртіп пен жауапкершілік алдыңғы орынға шығады. Бірақ бір-бірімізді жақсы түсінетініміз спортта да көп көмектеседі.
- Рақмет!
Сымбат Бегімбай