Аталған іс туралы Instagram желісінде хабарланды. Заңгер Ғабидин Әбдіәлиевтің айтуынша, 2008 жылы туған күдікті таныстарын қонақүйге шақырып, сол жерде сыбайластарымен бірге оларды тонаған.
“Қылмыстық іс ауыр қылмыс санатына жататын бап бойынша тергеліп жатыр. Ал тергеуші күдіктінің ұсталған соң екі рет қашып кеткенін айтып отыр. Неліктен оны бірден қамауға алмағаны түсініксіз”, – деп жазды заңгер.
Шымкент қаласының полиция департаменті бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар адамдар анықталған.
“Бұл іс бойынша күдіктілердің бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот үкімімен сотталды”, – делінген жауапта.
Полиция мәліметінше, күдікті 29 тамызда Алматы қаласында ұсталған. Алдымен ол қамауға алынған. Алайда 31 тамызда сот оның бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберді.
Редакцияға ұсынылған полиция түсініктемесінде күдіктінің ұсталғаннан кейін екі рет қашқаны туралы ақпарат нақтыланбады.
“Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне сай өзге мәліметтер жария етілмейді”, – делінген жауапта.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





