Әлеумет

Қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамыту жобасы таныстырылады

2026 жылғы 3 қыркүйекте Астана қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының қазақ тілін цифрлық кеңістікте дамытуға бағытталған бірлескен жобасының таныстырылымы өтеді.

Жиын барысында жобаның негізгі нәтижелері, қазақ тіліндегі мәтіндік және дыбыстық деректер қорын кеңейту, олардың сапасын арттыру, жеке деректерді қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект модельдерінің қазақ тіліндегі мүмкіндіктерін бағалау құралдарын жетілдіру мәселелері талқыланады. Архивтік материалдар мен оқулықтарды цифрландыруға мүмкіндік беретін Document AI және NLP (табиғи тілді өңдеу) құралдары таныстырылады.

Сондай-ақ танымал кәсіпкер әрі инвестор Ури Левиннің қазақ тіліне аударылған «Шешімге емес, мәселеге ғашық бол» кітабының тұсаукесері өтеді.

Іс-шараға «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қоғам құрылтайшылары мен Орталық кеңес мүшелері, IT-сарапшылар мен тіл мамандары қатысады.