сенбі, 29 тамыз, 2026 9:46

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Президент Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады

Президент Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасады
Ақорда
Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Ақорда.

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр. Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады, - деді Президент

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды.

Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз. Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз. Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады, - деді Президент.

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық.

Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар